$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қостанайда астан уланған тұрғындар, қылмыстық істің тоқтатылуына наразы

AstanaTV
27.10.2015ж. 20:00
1324
Қостанайда астан уланған тұрғындар, қылмыстық істің тоқтатылуына наразы

Қостанайда астан уланып, ауруханаға түскен бір топ тұрғын дәмхана иесін жазаға тартуды талап етуде. Суши барда санитарлық талаптар сақталмағандықтан,ол жердің тамағынан 26 адам ұшынған еді. Дәмхана қожайыны жазадан құтылып кетті. Жалпы, соңғы екі жылда облыста 6 рет астан ұшыну  фактісі тіркелген. Бір қызығы, осы оқиғаларға байланысты бірде бір адам жазаға тартылмапты. Қылмыстық істер де түгел тоқтатылған.

Өткен жылы сәуірде дәмханадан ас ішемін деп ауруханадан бір ақ шыққандарың бірі Олеся Калашникова. Онымен бірге денсаулығы күрт нашарлап, астан уланған тағы 25 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Енді, олар дәмхана қожайынына қатысты қозғалған қылмыстық істің қайта қаралуын талап етіп отыр.

Олеся Калашникова :

Қылмыстық іс қозғалған болатын. Өйткені зардап шеккендер бір, екі емес, 26 адам ғой. Санитарлық талаптардың сақталмауы анықталды. Бірақ жазаға ешкім тартылған жоқ. Соған қарағанда сыбайлас -жемқорлыққа жол берілді ме деген күдігім бар. Іс қайтадан сотта қаралса деймін.

Ал, қылмыстық істі тергеген мамандар 2 рет зертханалық тексеріс өткізілді деп отыр. Нәтижесінде, ешқандай жұқпалы індет анықталмапты. Сондықтан қылмыстық іс тоқтатылған көрінеді

Динара Серікбаева, Қостанай қалалық ІІБ «Солтүстік» полиция бөлімінің тергеушісі:

Екі рет арнайы сараптама тағайындалып, аталған факт расталған жоқ. Ал  жұқпалы індет анықталған күдікті тұлғаға қатысты Астана қаласында тәуелсіз сараптама жүргізілді. Алғашқы анализдер  жоққа шығарылды. Осыған байланысты, біз ешкімді жауапкершілікке тарта алмаймыз.

Бірақ тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілдері, екінші рет ешқандай сараптама  өткізілмегенін жеткізді.

Сәуле Байменова, Қостанай облыстық Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Қайтадан зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Сот шешімі бойынша осы суши бардың жұмысы тоқтап тұр.

Заңғар Санай, Тілші: 

Атауы өзгергені  болмаса, адамдар астан ұшынған дәмхана жабылмапты. Дәл қазір жұмыс істеп тұр. Ал, ас мәзірінде тек жапондық тағамдар.

Еске сала кетейік, өткен жылы сәуір айында қаладағы суши барда тамақтанған 26 адам астан уланып қалған еді. Жаппай емханаға жатқызылған оларға дәрігерлер «ішек инфекциясы» деген  диагноз қойды. Ал, шығыс асханасы мәзірі бойынша тағам дайындайтын орында санитарлық мамандар «сальмонеллез» індетін анықтаған.

 З.САНАЙ