×

Жер сілкінісі қаупін сейілту мүмкін бе?!

AstanaTV
27.10.2015ж. 20:00
3098
Жер сілкінісі қаупін сейілту мүмкін бе?!

Алматыда  жер сілкінісі орын алса, одан келетін шығын көлемі Ішкі жалпы өнімінің 20 пайызына тең болуы мүмкін. Мұндай болжамды Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өкілдігі жасап отыр.  Алматыда өткен «жер сілкінісі тәуекелділігін әлсірету» тақырыбындағы форумда өзге де мәселелер қамтылды. Күні кеше Ауғанстанда болған зілзала етек-жеңді жиып, сейсмологиялық дайындыққа назар аударуды талап етеді. Себебі 7 баллдық жер асты дүмпуінің жаңғырығы Қазақстанның бірқатар аймақтарында сезілді. Ал бүгін таңертең Алматы облысында қуаты 4,1 баллдық жер асты дүмпуі тіркелді.

Қазақстан аумағының 18 пайызы сейсмологиялық аймаққа жатады. Онда 6 млн-дай халық тұрады. 1,7 млн. адам, 9 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін  аумақта өмір сүреді. Мұндай деректер Орталық Азия сейсмологтарының форумында айтылды. Өзге елден  келген  мамандар тәжірибесімен бөлісті.

Хазым Елшигин, Стамбұл апаттан қорғау жобасы тобының директоры:

1999 жылы Измит қаласында орын алған 7,4 баллдық жер сілкінісі 18 мың адамның өмірін қиды. Қала экономикалық жағынан да қатты зардап шекті. Басты қателік - халықтың да, тиісті органдардың да апатқа дайын болмауы еді. Ескертуге қажетті байланыс құралдары да жөнге келтірілмеген 

Қазақстандық төтенше жағдай мамандары жер сілкінісін ескерту, адам шығынын азайтуға қатысты кешенді бағдарламалар әзірленіп жатқанын айтады. Алматыда сейсможаттығулар жыл сайын өтеді. Енді ұялы байланыс операторларымен бірге, ірі мемлекеттік байланыс компаниялары да халықты құлақтандыру ісіне ат салыспақ. Олар домофон, телефон арқылы тікелей хабар тарататын жүйені жетілдіріп жатқан көрінеді

Жасұлан Жұмашев, ҚР ІІМ ТЖК төрағасының орынбасары:

Қырғызстанның сейсмологиялық орталығымен бірігіп, 12 ортақ бекет құру жобасын әзірледік. Олар  қараша айында орнатыла бастайды. Шекаралық аймақтарға қойылатын қондырғылар жер сілкінісін болжауға мол мүмкіндік береді. Бұған неміс ғалымдары да  тартылып, солардың тәжірибесі қолданылып отыр. 

Алматыда әлеуметтік ғимараттарды бекемдеу,қаланың сейсмологиялық картасын жасау,  шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі. Шаһардың сейсмокартасы осыдан 30 жыл бұрын құрастырылған. Алдағы 2-3 жылда оны жаңартуды жоспарлап отырмыз,- деді сейсмология институтының басшысы Таңатқан Абақанов. Дегенмен, ол биыл 7 баллдық жер сілкінісі болмайды деп сендірді.

Таңатқан Абақанов,  ҚР Сейсмология институтының директоры:

Жылдың аяғына дейін 70 пайыздық ықтималдық бойынша, осы Алматы төңірегінде дүлей жер сілкінісі күші эпицентрінде 7 баллдан жоғары болмайды деп біз болжап отырмыз. Оны құзырлы органдарға жібердік.

Алматы тұрғыны Нұркен Халықберген зілзалаға үрейлене  қараудан гөрі, қарапайым дайындық шараларына назар аудару маңыздырақ дейді. Оның үйінде де, көлігінде де «дабыл қоржыны» әрдайым дайын тұратын көрінеді

Нұркен Халықберген, Алматы қаласының тұрғыны:

Мен үшін ең маңыздысы өз жеке басым және отбасы қауіпсіздігім маңызды. Егер апат болса, алғашқы бір аптада саған ешқандай көмек келмейді. Сондықтан осы мерзімде өзіңді аман алып қалудың қам-қарекеті жасалуы керек. Менің мына жолқапшығымда үш күн өмір сүруге жарамды заттар жиынтығы бар. 

Мамандар әрдайым апатқа дайын болу қажеттігін ескертеді. Ең бастысы- «дабыл қоржыны» дайын тұрғаны абзал. Қауіп-қатер кезіндегі қажетті заттар жиынтығына бірінші кезекте дәрі-дәрмек, қажетті құрал-саймандар, қорғану құралдары мен тағам өнімдері және құжаттар кіреді. Жол қапшық ең бастысы экстремалды жағдайда көтерген қолайлы болуы шарт.

 Р.АСҚАРБЕКҰЛЫ