Алматыда «Қазақстанда жасалған» деген атаумен отандық өнімдердің көрме-жәрмеңкесі өтті. Оған еліміздің 100-ден аса шағын және орта бизнес өкілдері өз тауарларын әкелген. Көрме жәрмеңкені «Даму» қоры ұйымдастырған. Отандық өнімдер көрме-жәрмеңкесіне еліміздің барлық аймағынан келген компаниялар қатысты. Бұл жерде құрылыс саласынан бастап кәдесыйлар мен баспаханалық өнімдер де болды. Көрменің ашылу салтанатына келген қала әкімі Бауыржан Байбек отандық өнімдермен танысып, сапасына көңілі толды.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
Қазір ғана біраз кәсіпкерлермен кездестік. Өте иновациялық жобалар бар. Енді негізі ең бастысы ол қаражатқа қол жеткізу, қаражат болса көп жоспарларды орындауға болады. Сондықтанда мемлекет тарапынан, қала тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты жағдай жасалатын болады.
Шынар Мәлік кәсіпкерлігін 2009 жылы Астанада бастаған. Ол басқарып отырған «Аруана» емдеу-диагностикалық орталығы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналған. Сал балаларға инклюзивті әдісті қолдану қызметін көрсетіп отырған кәсіпкер Алматы қаласына арнайы жобамен келіпті.
Шынар Мәлік, Кәсіпкер:
Бүгінгі таңда біз Алматы үшін үлкен жақсы жоба дайындап отырмыз. Алматының әкімшілігі мен «Даму» қоры арқылы. Алматыда арнайы клиникалық реабилитация деп аталатын үлкен орын ашпақшымыз. Ол жерге балалар ғана емес, үлкен адамдар да келе алады.
«Қазақстанда жасалған» көрменің өтуіне ұйытқы болып отырған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, алдағы уақытта да шағын және орта бизнес өкілдеріне жеңілдіктер қарастырылады деді.
Ләззат Ибрагимова, «Даму» АҚ кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрайымы:
Біз көрсеткен сандар жыл сайын өсіп келеді. Биылдың өзінде 800 компанияға кепілдік бердік. Бұған дейінгі төрт жылда бұл көрсеткіш 700-ге әзер жеткен.Субсидиялау, кепілдік беру секілді өзге де қаржылық бағдарламаларға қатысуды мейлінше бұқаралық еткіміз келеді. Мұның бәрі, ашық әрі жылдам жасалуы тиіс.
«Даму» қоры 2010 жылдан бастап 23 мың кәсіпкерге қаржылай көмек көрсетті. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 6 477 компанияның сыйақы мөлшерлемесі субсидияланды. Қазір таңда «Даму» қоры, әкімшіліктермен бірлесе отырып, елімізде орта және шағын бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасайтынын алға тартты.
С.ҚАНАҒАТОВ