$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Атырауда тілі мүкіс балаларға арналған мектеп- интернат қала сыртына көшірілетін болды

AstanaTV
29.10.2015ж. 20:00
Атырауда тілі мүкіс балаларға арналған мектеп- интернат қала сыртына көшірілетін болды

Атырауда тілі мүкіс балаларға арналған мектеп- интернат қала сыртына көшірілетін болды. Ата-аналар бұған түбегейлі қарсы. Олардың айтуларынша, басшылық ұсынған жаңа орын- қаланың шеткері ауданында орналасқан, әрі маңында өндіріс ошақтары шоғырланған. Ал мұндай шешімді шығарған- облыстың бас ұстазы Нұрсәуле Сайлауованың  өз уәжі бар. Тілі мүкіс балаларға арналған мектеп-интернаттың мәжіліс залына жиналған ата-аналардың наразылығында шек жоқ. 40 жылдан бері орталықта тұрған білім ордасын  қаланың шетіне көшіреді дегенді естігелі, олардан маза қашқан. 

Бейбіт Майланова:

Оқу басталмастан бұрын неге ойламады? Ойлағанда сонау Хим поселкаға қалай барады, ата-аналары. Бұл балалардың ата-аналарының көлігі бар, біреуінің көлігі жоқ. Мен ауданнан келіп тұрған адаммын. Осы бала үшін орталықта отырмын үй жалдап. 

Ләззат Жаманбаева:

Химпоселок ауданында Атырау Мұнай өңдеу зауыты, Атырау жылу орталығы, темір жол орналасқан. Ол жер балаларымыз үшін қауіпті . Егер зауыттарда қандай да бір апат болса ше?  Онсыз да балалардың дамуы тежелген, неше түрлі сырқаты бар.

Қыркүйекте ғана қызметке тағайындалған облыстың бас ұстазы Нұрсәуле Сайлауова: «60 балаға арналған мектеп-интернатта 182 оқушы тәрбиеленіп жатқанын көріп жаға ұстадым»,- дейді. Жаңа басшы, тар ғимаратта қосымша коррекциялық сабақтар өтуге мүмкіндік жоқ екенін алға тартты. Мектепті қала шетіндегі көзі нашар көретін балаларға арналған 400 орындық оқу ғимаратына ауыстыру тығырықтан шығудың бірден бір жолы,-дейді. 

Нұрсәуле Сайлауова, Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы:

Биылғы оқу жылында 82 баланы мектеппен қамти алмай, жалпы білім беретін мектепке ауыстырдық . Жалпы білім беретін мектепте 20 баланың арасында 1 тұтығатын бала болса сабақ та айта алмайды. Келесі жылы оқу жылында 196 бала келе жатыр. Бәріміз де бір ауамен тыныстап отырмыз. Сондықтан бұл  үйдегі балаларға арналған мүкіс баларға арналып отырған қамқорлық.

Оқушыларды тасымалдауға 45 орындық екі автобус бөлінген. Бірақ балалар қаланың түрлі аудандарынан қатынайтындықтан ата-аналар, ол автобустардың оқушыларды түгел қамтитынына күмәнмен қарайды. Сондықтан орталықтан ғимарат тауып беруін талап етудеАлайда шешім қабылданып қойды. Оның өзгеруі екіталай. Тілінің мүкісі бар балалар  2-ші тоқсаннан бастап қала сыртындағы ғимаратта білімдерін жалғастырмақшы.

 Б.НӘДІРҚЫЗЫ