×

Түркия екінші рет парламент сайлауын өткізеді

AstanaTV
30.10.2015ж. 20:00
1770
Түркия екінші рет парламент сайлауын өткізеді

Түркияда алдағы жексенбі күні, екінші рет Парламент сайлауы өтеді. Саяси додаға 29 партия қатыспақ. Жергілікті сарапшылардың пікірінше, мәжілістегі орындар үшін тек төрт партия ғана тартысқа түседі. Үкімет басында уақытша отырған Әділет және даму партиясының болашағы көпшілікті алаңдатып отыр. 13 жыл бойы жетекші партия ролін атқарып келген саяси ұйым бұл жолы тақтан түсуі мүмкін бе?  Түркияда саяси ахуал құбылып тұр. Сондықтан, сайлау нәтижесі қандай болмақ деген сұраққа жауап алу қиын. Зерттеу орталықтары жүргізген сауалнама қорытындысы да сан қилы. Сарапшылар Әділет және даму партиясы аз дауыс жинап қалса, таңқалуға болмайды деген пікірде.

Исмайл Күчіккаяа, Сарапшы:

Басқару жүйесін, парламенттіктен президенттікке ауыстырамын деген Ердоғанның ұсынысы қабылданбайды. Сайлаушылар  демократиялық мүмкіндіктерін пайдаланып, Әділет және даму партиясының билік басында болуына жол бермеуге тырысады,-деп ойлаймын. Көпшілігі парламеттік басқаруды қолдайды.

Саясаттанушылар пікірінше мәжілістен төрт партия орын алады. Олардың қанша дауыс жинайтынына қатысты болжам әртүрлі. Зерттеу орталықтары жүргізген сауалнамада, Әділет және даму партиясы 41 -47 пайыз аралығында қолдау тапқан. Ал  Республикалық Халықтық партия 25, Ұлтшылдар қозғалысы 15, күрдтер қолдайтын Халықтық демократиялық партия 13 пайыздық межені бағындырды.

Ахмет Дәуітоғлұ, Әділет және даму партиясының төрағасы:

Бізге тұзақ құрылып,күйе жаққысы келетіндер аз емес. 13 жыл бойы қарсылықтарға мойымай, алға жылжып келеміз. Бұл сайлауда да демократиялық жолмен жеңіске жететінімізге сенімдіміз.

Өзге партия өкілдерінің пікірінше, биліктегі саяси ұйым бұл жолы  есе жіберуі әбден мүмкін. Соңғы айларда ел ішінде жарылыстар жиілеп, жүздеген әскерилер мен тұрғындар өлімінің тіркелгені бұған себеп болуы ықтимал.

Кемал Қылыштароғлұ, Республикалық халықтық партиясының төрағасы:

Қазіргі биліктен шаршаған халық жаңа үкіметтің келгенін қалайды.Елімізден тыныштық кетті, жұмыссыздар саны артуда.  Өз ішіміздегі қауіпсіздікті ретке келтірмей тұрып, Сирияның саясатына араласудамыз. Бұл не сұмдық?

. Айта кетейік,бұл жазда өткен сайлаудың жалғасы.  Маусымдағы саяси додада, жаңа үкімет жасақтауға Әділет және даму партиясынан 17 орын жетпей қалған. Мұндай жағдайда ол Заң бойынша мәжіліске өткен партиялардың бірімен коалиция құруы тиіс еді. Бірақ тараптардың қарсылығынан соң қайта сайлау өткізу жөнінде шешім қабылданған. Атыс-шабыс пен қанды оқиғадан үрейі ұшқан халық,  жиырма алтыншы рет өткелі отырған парламент сайлауынан үлкен үміт күтеді.

 С.СҮЛЕЙ