ҚПО 2 миллиард доллар айыппұл салынғаны туралы ақпаратқа қатысты мардымды түсінік бермеді
AstanaTV
30.10.2015ж. 20:00
1402
«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг»
өкілдері, үкіметтің бұл компанияға 2 миллиард доллар айыппұл салғаны туралы
ақпаратқа қатысты жұмған аузын ашпады. Айта кетейік, айыппұл туралы мәліметті
жуырда «Bloomberg» агенттігі таратқан. Ондағы дерекке сай, «консорциум-
Қарашығанақ кенішін игеруге кететін шығындарды әдейі көбейтіп көрсеткен, еңбек
және экологиялық заңнамаларды бұзған». Қазақстан үкіметі 2010-шы жылы компанияға
осы үшін наразылық жолдаған. Астана телеарнасының ресми хатына орай,
Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясынан мынадай жауап келді: «Компания
«Bloomberg» агенттігі таратқан ақпараттан хабардар. Алайда, онда нақты деректер
келтірілмегендіктен, компания, бұған қатысты пікір білдіруден бас тартты». Дегенмен,
консорциум жақын арада айыппұлды төлеуі мүмкін. Бірақ басқа мәселе бойынша.
Батыс Қазақстан облыстық соты, ауаға зиянды заттар шығарғаны үшін ҚПО-ға 500
млн теңге көлемінде айыппұл салынғанын хабарлады. Айта кетейік, еліміздің
батысында орналасқан Қарашығанақ әлемдегі ең ірі мұнай-газ кеніштерінің бірі.
Мұнда 1,2 млрд тонна мұнай қоры бар. Ал табиғи газ қоры 1,35 трлн текше метрді
құрайды.