$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ауа-райы күрт суытып, еліміздің басым бөлігінде жауынның соңы қарға ұласуы мүмкін- «Қазгидромет»

AstanaTV
02.11.2015ж. 20:00
1581
Ауа-райы күрт суытып, еліміздің басым бөлігінде жауынның соңы қарға ұласуы мүмкін- «Қазгидромет»

Қазақстанға нағыз қыс келіп жетті. «Қазгидрометтің» болжамынша бұдан былай ауа-райы күрт суытады. Еліміздің басым бөлігінде жауынның соңы қарға ұласуы мүмкін. Бүгін таңертеңнен бері толассыз жауған қар Астана мен Алматының коммуналдық қызметін әбігерге салды. Сап түзеген техника мен мыңдаған жұмысшылар қар тазалап әлек. Синоптиктердің сөзінше, солтүстік пен оңтүстікте қар аралас жаңбыр әлі бес күн бойы жауады. Астана қаласына қыс әдеттегідей ерте келді. Яғни, коммуналдық қызметкерлердің қауырт жұмысы да мерзімінен бұрын басталды.  Елордада қар тазалауға екі мыңға жуық жұмысшы мен 500 ден астам  техника шығарылды. Коммуналдық қызмет өкілдері жарты тәулікте қала аумағынан он мың текше метрдей қар шығарылып, мың текше метрден астам құм мен тұз төгілгенін айтады.Әсіресе Сейфуллин, Сарыарқа және Республика даңғылы секілді адам мен көлік көп жүретін көшелерді қардан жылдам тазарту қолға алынған. Бұл кептелісті болдырмау мақсатында жасалған шара

Руслан Кәпкенов, «АстанаЗеленСтрой» АҚ көше тазалығы бөлімінің бастығы:

Таңғы 6-да жұмыскерлер бәріміз соған жұмылдырып, бірінші сменада 63 спец техника мына көшені сыпыратын. 9 маршрут, онда 9 бригадир бар. Әр бригадирдің өзінің көшесі бар. Солар өздері жауапкершілікпен атқарады. Бүгін күндізгі 12-ден түнгі 12-ге дейін бірінші смена. Екінші смена түнгі 12-ден күндізгіге дейін.

Алматыға биіктігі он сантиметр қар жауды. Таулы аймаққа түскен ақұлпаның биіктігі тіпті 25 см-ге дейін жеткен. Тазалау жұмыстарына 570 адам  жұмылдырылды. 390 техника қарды қала сыртына шығаруда. Қалың жауған қар шаҺардың кейбір аудандарында электр жүйелеріне зақым келтірді. Бұтақтары қарды көтере алмағандықтан  9 ағаш құлаған. Оның екеуі  жол жиегінде тұрған жеңіл көліктерді басып қалды. Қазір темір тұлпар иелері шығынды санап әлек.

Ерболат Қадырқұлов, зардап шеккен көлік иесі:

Шыққан шығын есеп бойынша 2000 доллар. Әкімшілік өкілдері  келді, кейінірек кездесіп  шығынды өтеп беретінін айтты.

«Қазгидромет» мамандарының сөзінше, алдағы бес тәулік бойы елдің оңтүстігінде қар аралас жаңбыр жауып, көк тайғақ болады. Солтүстікте желдің екпіні қатайып, бұрқасын болады, күннің күрт суытуы байқалады. Синоптиктер ауа райының тұрақсыздығы батыс аймақтардан келіп жатқан фронтальді атмосфераның өзгеруіне байланысты,-деп отыр.

Саида Бердібекова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

Республиканың солтүстік аймақтарында жауын-шашын болады. көбінесе қар жауады және бұрқасын күтіледі. Оңтүстік аймақтарда көктайғақ пен тұман байқалады. Бұл ауа райы осы кезге тән. Және айта кетсек, бұл жағдай, осындай ауа райы фронталды атмосвераның өтуіне байланысты.

Ал Астанада 10 миллион теңгеге тұрғызылған жалғыз жылы аялдаманың өз функциясын әзірге орындап тұрғаны қуантады. Құны удай қымбат болғанымен, бүгінгі боранда тоңған талай астаналықты паналатуға жарап тұр. Еске салайық,қала басшылығы жыл соңына дейін инвесторлардың көмегімен осындай 50 шақты аялдаманың  қойылатынын айтқан-ды. Дамыған Дубайда бұндай аялдамалар аптап ыстықтан қорғаса, астаналық аялдама қарлы борқасын мен қақаған аяздан сақтайды. Бағасы жаға ұстатарлық әрине. Деседе, тоңғанда таптырмас орын екен.

 Ж.БАМАН