$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында резервтік валюта енгізуді ұсынды

AstanaTV
29.09.2015ж. 20:00
1598
Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында резервтік валюта енгізуді ұсынды

Бүгін Қазақстан Президенті де жарыссөз алып, тың ұсыныстар жасады. Нұрсұлтан  Назарбаев БҰҰ штаб пәтерін батыстан Азия құрлығына көшіруді ұсынды. Ұйымның Нью-Йоркте өтіп жатқан бас ассамблеясында Қазақстан басшысы батыстың әлемдік қарым-қатынастардағы рөлі 70 жыл ішінде бәсеңдеп, басымдық шығыс елдеріне көшкендігін алға тартады. Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның әлемдік процесстердегі рөлін ерекше атап, оның 100 жылдық датасы, 2045-ші жылға дейін «жаһандық даму стратегиясы» құжатын әзірлеуді ұсынады. Құжаттың маңызды тұстарының бірі - ядролық қарусыз қоғам орнату. Сондай-ақ, Президент резервтік валюта енгізу туралы бастама көтерді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

ХХI ғасырда әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек. Жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін ұлт үстілік әлемдік валюта әзірлеу бағытындағы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің күш-жігерін біріктіру қажет.

Сайын Бөрбасовтың сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы қолдау тауып, жаңа валюта айналымға шыққан күнде долларға басыбайлы байланған әлемдік қаржылық құрылым өзгермек. Осылайша, дамушы мемлекеттер экономикасы АҚШ-қа тәуелділіктен арылады деген ойда. Ал бұл әлемдік экономика проблемаларын шешуі мүмкін.

 

Сайын Бөрібасов, саясаттанушы:

Әлемдік қаржылық тәртіптер бүкіләлемдік қаржы орталықтарының диктатына негізделген. Дүниежүзіндегі кез-келген елдің экономикасының долларға тәуелділігі АҚШ-тың қаржылық орталықтарының бағыныштылығына әкеледі. Сондықтан әр мемлекет бірінші кезекте өз ұлттық экономикасын тығырықтан шығаруды ойлауы керек.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ