$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Қарағандыда қыстың бел ортасында бірнеше тұрғын үй жылусыз отыр

AstanaTV
04.02.2014ж. 20:00
1353
Қарағандыда қыстың бел ортасында бірнеше тұрғын үй жылусыз отыр

Қарағандыда қыстың бел ортасында бірнеше тұрғын үй жылусыз отыр. Кеншілер шаһарында 160-тан астам көп қабатты үй орталық жылу жүйесінен қағылған. Жиырма жылдан бері қалың қараша баспанасын көмір мен ағашпен жылытып жан бағуда. Қаладағы жылу электр орталығына қосылуға мүмкіндік жоқ. Оның қуаты жетпейді. Қазыналы өлкедегі энергия тапшылығы туралы Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Бұл шаңырақта бала-шаға күні-түні кезектесіп ошақ қасын күзетеді. Әйтпесе, арқаның аязы аямайды. Пешке уақытында отын салып тұрмаса, жылу жүйесі қатып қалады. Степная көшесіндегі екі қабатты көп пәтерлі үйде бірнеше отбасы талай жылдан бері осылайша жан бағып келеді.

Уточкиндер де үйін өз беттерінше жылытады. Көмірден шыққан шаң-тозаңмен тыныстайды. Оны тартып алатын мұржа жоқ. Мұның денсаулыққа орасан зиян екенін білмейді емес, біледі.

Ал Пришахтинскідегі 160 көп қабатты үй 20 жылдан бері осындай жағдайға тап болған. Бір кездері маңындағы көмір зауыттарынан қуат алып тұратын. Қазір көпшілігі жабылған. Үлкен аумақта шашыраған шағын аудандар орталық жылу жүйесінен ажырап қала берді. Бұрын тоққа сенетін, қазір ол да тапшы.

Жарты миллионнан астам тұрғыны бар шаһарды энергиямен қамтып отырған екі бірдей жылу электр орталығы да тығырыққа тірелді. Қуатын күшейтуге күш салуда. Бірақ, қаладағы құрылыс қарқынына ілесе алмайды. Енді әкімдік жаңа салынған аудандарды газбен жылытуды ұсынып отыр. Автономды жылу жүйесі қымбатқа түсетінін айтады. Энергия тапшылығынан төртінші жылу-электр орталығы құтқарады деген үміт бар. Оның өзі 2017 жылға қарай салынбақ. Инвесторы да әзірге белгісіз. Жалпы, Қарағандыны жылумен қамту бағдарламасы ұзақ мерзімді қамтиды. Соған қарағанда, бірер жылда жылу мәселесінің шешілуі екіталай.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ