$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтауда көп қабатты тұрғын үй иелері биыл екінші жыл қатарынан қыста жылусыз отыр

AstanaTV
04.02.2014ж. 20:00
1615
Ақтауда көп қабатты тұрғын үй иелері биыл екінші жыл қатарынан қыста жылусыз отыр

Жылу ұрлаған көрші. Ақтауда көп қабатты тұрғын үй иелері биыл екінші жыл қатарынан қақаған қыста жылусыз отыр. Өйткені, тұрғын үйдің бірінші қабатында тұратын көрші жылу жүйесіне "қол салған". Ол өз пәтеріне ғана сорғыш орнатып, тұтас үйді жылусыз қалдырып отыр. Ал ашу-ызаға булыққан өзге тұрғындар өзімшіл пәтер иесін сотқа беріп, жеңіске жеткен. Дегенмен, сот шешімі өз алдына, оны өзімшіл көрші орындауға асығар емес.

Түлкі тымақ, қабат-қабат киім, қалың тон. Ақтаулық Мәтжановтар отбасы биылғы қысты да тұмшаланып өткізді, үйде де, сыртта да, тек аяқ киімдерін ауыстырып күн кешуде. Өйтпеске амал жоқ, далада құйындатқан қаһарлы қыс, ақ көбік боран. Үш балалы отбасы күндіз газды қосып, түн -ауа жылытқышты жағалап, жан сақтап жүр.

Нұрбану Мәтжанова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Менің пәтерім төрт бөлмелі, 110 шаршы метр. Бірақ, мен өз отбасыммен бірге тек қонақ бөлмені пайдаланамын. Өйткені, үш жатын бөлме өте суық. Даладағыдай суық болғандықтан, кіре де алмаймыз. Бір бөлмеде тамақтанамыз, ұйықтаймыз, сабақ оқимыз.

Осыдан екі жыл бұрын бірінші қабаттағы пәтер иесі өз еркімен пәтеріне «сорғыш» орнатып алған. Соның салдарынан 9 қабат бірден жылусыз қалады. Жылу тек бірінші қабаттағы пәтер қатты қызып кетсе ғана, жоғарыға жылжиды екен.

Зейнеш Балекова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Жылыту деген жоқ. Бар болғанда да, үйдің іші қара боран, қайда баратынымызды білмей отырмыз. Отыра алмай отырмыз, ығып кетуге айналдық енді. Бала-шаға деген ауырады. Балабақшада бес градус дейді. Үйде отыр балалар, үйдің түрі мынау.

«Жақсы көршім - төрім» деп ардақтаған қазақ мақалы өзімшіл тұрғынға қайшы айтылған. Ол тіпті қыста қатып қалған өзге тұрғындармен сөйлескісі де келмейді. Әбден ашуланған тұрғындар жергілікті меншік иелері кооперативіне бас сұғып, «саған да, маған да жоқ» деп, жылу құбырын тұтас өшіруді сұрап отыр.

Жайлыбай Матаев, «Булат» МИК төрағасы:

95 пәтерде насос болғанымен, жүзінші квартира айтқан "менде болмаса, бүкіл стоякты өшірейік", - деді. Мен айттым, мен өзім шешпеймін. Мен өшірсем, наразылық болады халықтан. Сосын әкімшілікке бардық, олар жоқ деді, болмайды деді. Өйткені, халықты бір адам үшін жылусыз қалдыра алмаймыз деді.

Тұрғындарды ұлардай шулатқан сорғыш оп-оңай іске қосылған. Ол жылыту құбырына жалғанып, нәтижесінде жылы су тек осы пәтерде айналымға енген. Өткен жылғы сәуірде болған сот тұрғындардың пайдасына шешіледі. Бірақ сол уақыттан бері сот орындаушылары пәтер иесін жер-көктен таппай келеді.

Бекзат Боранбаев, сот орындаушысы:

Бүгінге дейін біз пәтерге екі рет бардық, бірақ пәтер иесі есікті ашпайды.

«Ер кезегі үшке дейін» деген. Сот орындаушысы үшінші рет келген кезде, пәтер иесін жолықтырды. Көптен күткен сәт, аты шулы сорғыштың көзі әйтеуір жойылды. Дегенмен, жып-жылы, жайлы жағдай ұзаққа созылмауы мүмкін. Жоғарғы қабатта орналасқан, тағы екі пәтердің иесі өзгелер соттасып жүргенде, жылу құбырының тіреуіштеріне дәл осындай сорғыш орнатыпты.

Сымбат МОЛДАТАЙ