Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Сириялықтар ісі бойынша сот басталды

AstanaTV
26.04.2016ж. 20:00
1713
Сириялықтар ісі бойынша сот басталды

Қарағандыда соғыстан қашып, Қазақстандағы қайын жұртын паналап келген Сирия азаматының ісі бойынша сот отырысы басталды. Қазақ елінің азаматшасына үйленіп, 5 балалы болған шетелдік Ясер Алезалдин өзіне және балаларына босқын мәртебесін беруді сұрайды. Өйткені облыстық көші-қон басқармасы заң бойынша соғыстан қашқан шетел азаматтарына елімізде босқын мәртебесі берілмейді деп, отбасын кері қайтарып жібермекші. Тараптардың сот отырысындағы уәжін тілшіміз Айжан Қуаш тыңдап қайтты. 

Айжан Қуаш, тілші:

Сот процесі Қазыбек би аудандық сотында өтті. Ашық отырысқа Ясер Алезалдиннің қайын жұртымен бірге араб тілінің аудармашысы да қатысты. Шетелдік Сириядағы туыс-туғандарының жан-жаққа босып кеткенін айтып, онда бару қауіпті екеніне соттың көзін жеткізуге тырысты.

Ясер Алезалдин,Сирия азаматы:

Сирияда туыстарымнан ешкім қалған жоқ. Біреуі Иорданияға, кейбірі Сауд Арабияға кетті. Қаладағы бомбадан ауылға қашып бардық, кейін ауылда да соғыс басталды. Содан жан-жаққа кеттік.

Сириялық Ясер Алезалдинмен отау құрып, 5 бала сүйген Сандуғаш Раисова құзыретті орындардан отбасын қалайда Қазақстанда қалдыруды сұрады. Ол былтыр тамыз айында Түркиядағы Қазақстан елшілігінің көмегімен Қарағандыдағы төркінінен пана іздеп келген. Егер балалары мен күйеуіне «босқын» мәртебесі берілсе, отбасымен біржола елде қалу ниеті бар. Алайда, сотқа қатысқан облыстық ішкі істер департаментінің өкілі заң бойынша соғыстан қашқандарға құқықтық атау берілмейтінін тағы қайталады. «Босқын» мәртебесі ұлты мен нәсілі, дініне қатысты қуғынға ұшырағандарға ғана беріледі, деді.

Сандуғаш Раисова, Қазақстан азаматы:

Қазір енді жолдасыма босқын статусын бермейміз дейсіздер. Ал мен ше? Сонда осы бір семьяны ажыратасыздар ма? Сондай заң бар ма Қазақстанда?

Сержан Серғазин, Қарағанды облыстық ІІД заң бөлімінің бас маманы:

Заң жоқ. Біз сіздерді ажыратайын деп тұрған жоқпыз. Қосқан да біздер емес қой. Сондықтан заңды тұрғыдан Сирияның азаматы біздерге жазбаша түрде шынын айтты. Сондықтан комиссия Қазақстан азаматтығын беруге құқығы жоқ деген шешім қабылдады.

Сотқа сириялық азаматқа «босқын» атағы берілмейді деген шешім шығарған әкімдік пен Ішкі істер органдарының өкілдері қатыспады. Сондықтан ол шешімге дәлел боларлық сауалнамалар да сотқа әкелінген жоқ.

Самал Ысқақова, Қарағанды облыстық көші-қон басқармасының инспекторы:

Комисия төрағасы облыстық көші-қон полициясы басқармасының бастығы. Сондай-ақ, құрамына осы басқарма қызметкерлері мен ұлттық қауіпсіздік комитеті және әкімдік қызметкерлері. Шешімді шығарған солар. Менің хатшы ретінде ешбір дауыс беруге құқығым жоқ.

Алексей Качкаров, қорғаушы:

Консулдық қызмет бұл азаматтарды үшінші бір елден Қазақстанға әкелу арқылы адамдардың өміріне қауіп төнгенін дәлелдеді. Алайда, көші-қон полициясы ол жайтты есепке алмаған. Бұл шешімдері мүлде дұрыс емес.

Айжан Қуаш, тілші:

Отбасы қашып шыққан Хама қаласында қақтығыстар әлі де тыйылмаған. Сондықтан оларға қайтып оралу қауіпті. Бір қуантарлығы, сот аяқталғанша, Сандуғаштың үй іші елден қуылмайды. Келесі процесс мамырдың алтысында өтеді. Оған куәгер ретінде осы жанұяны Қазақстанға әкелуге көмектескен Түркиядағы қазақ елшілерін скайп арқылы қатыстыру көзделіп отыр. Сирияға қайтып оралудың қауіпті екенін дәледеудің бір жолы осы.

Айжан ҚУАШ