$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жамбыл облысындағы жеке үйлердің 80%-нда сейсмикалық беріктік төмен

AstanaTV
05.02.2014ж. 10:00
3456
Жамбыл облысындағы жеке үйлердің 80%-нда сейсмикалық беріктік төмен

Жамбыл облысында жер үйлердің 80% сейсмо қауіпті саналады. Жуырда облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті жүргізген зерттеу нәтижесінде осындай дерек келтірілген.

Ақпаратқа сай, Таразда 2125 ғимарат қана зілзалаға төтеп бере алады. Ал, 28 мекеме пайдалануға жарамсыз. Тағы 233-і күрделі жөндеу мен қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Жалпы, Жамбыл өңірі зілзала жиі болатын аймаққа жатады. Ал тұрғындар баспана салуда қауіпсіздікке мән бермей келеді.

Жамбыл жер сілкінісі ошағында отырған облыс. Сілкіністің орташа көрсеткіші 8 балл. Аймақта ел есінен кетпейтін зілзала 1971 жылы болған. Таразда 5 жарым ал, аудандарда 7 баллға дейін жеткен апатты көзімен көргендер әлі күнге қорқынышпен еске алады.

Еркінбек Солтыбаев, зейнеткер:

Жойқын жер сілкінісі болғанда мен 21-де екенмін. Мынау Тараз қаласында үлкен-үлкен бірталай ғимараттар құлап қалды. Әсіресе, саманды үйлер.


Жұрт жадында қалған жойқын апат сол кездегі сейсмо қауіпсіздігі жұтаң мекемелерді жермен жексен етті. Бұқараға - салмақ, билікке - сабақ болды сол сілкініс. Бірақ, әлгіндей апатты бастан өткерген «әулие аталықтар» әлі күнге дайындықтарын пысықтамаған секілді.

Жомарт Садермеков, Жамбыл облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс іс-шараларын бақылау бөлімінің аға офицері:

Жеке кәсіпкерлік болсын, мемлекеттік мекемелер болсын, ғимараттарында сейсмикалық қауіпсіздігіне байланысты тексерулер жүргізуін талап етеміз. Мекеме басшылары өкінішке орай, ақшаны сылтауратып, сейсмикалық қауіпсіздікке ғимараттарын тексермейді. Толық орындалмаса айыппұл салынады. 10 МРП
-дан 40 МРП-ға дейін.

Осылайша, мемлекеттік мекемелердің өзі құжатқа құлықсыздық танытып отыр. Ал, аймақтың апатты екенін жеке меншікте баспана салып жатқандардың бірі білсе, бірі білмейді. Кей тұрғындар құрылысы қарқын алған үйін зілзала талаптарына сай салып жатырмын дейді.

Ғылымбек Досаев, Тараз қаласының тұрғыны:

Мына үй наурызда салыну бастады, әлі "черновой варианты", біткен жоқ. Үй "каркасный". Сейсмико істелген 7-8 баллға. Экспертизадан өтті. Экспертизада как раз сейсмикаға істеледі.

Өтеген Түктібаев қырық жыл ғұмырын құрылысқа арнаған жан. Ардагер құрылысшы - баспана салудың бүгінгі барысына риза емес. Кеңестік кезеңдегі талап пен міндет қазіргі күні қалыс қалды, - дейді.

Өтеген Түктібаев, ардагер құрылысшы:

Бүгінгі құрылыс жұмыстарына көңілім толмайды. Ол мына үлкен объектілерді алсаң да, частный үйлерді алсаң да. Бір жыл салынған стройка ертеңіне түсіп қалып жатыр, қабырғалары құлап.

Жамбылда елді есеңгіретіп кеткен тағы бір жер сілкінісі 2003 жылдың мамырында Рысқұлов ауданында болған. 5,4 баллдық апатта сапасыз соғылған үйлер қирады. Еліміз бойынша апатты аумақтың 20%-зын Жамбыл облысы алып жатыр. Сондықтан, салынатын сәулет нысандары табиғаттың тосын мінезіне төтеп беруі тиіс, - дейді мамандар.

Данияр ӘЛІМҚҰЛОВ