Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтаулық оқушылар мектепте сырт киіммен оқуға мәжбүр

AstanaTV
05.02.2014ж. 20:00
1431
Ақтаулық оқушылар мектепте сырт киіммен оқуға мәжбүр

Ақтаулық оқушылар сырт киіммен оқуға мәжбүр. Сыныптағы температура 10 градустан көтерілмей тұр. Балаларының денсаулығына алаңдаған ата-ана мектепке жылыту қондырғыларын тасып әлек. Суықтың кесірінен тіпті соңғы сабақтар шегерілген. Жергілікті билік "мәселені бақылауда ұстап отырмыз" деп ақталуда. Жылудың қажет деңгейде болмауына жергілікті пәтер иелері кооперативі кінәлі көрінеді. Дегенмен, ата-аналардың арызы бойынша прокуратура тексеру шараларын бастап кетті.


№ 1 мектептегі температура 10-14 градус аралығында. Жағдай соңғы екі аптада өзгерер емес. Қатты аяз ақтаулықтарды әбігерге салып қойды. Суықтың азабын әсіресе оқушылар тартуда. Оларға екілік алу емес, ауырып қалмау мұң.


Ал 12*ші мектептің оқушыларын соңғы сабақтан босатуға тура келді. Салқын деген жай сөз. Мұнда тіпті жылу мүлдем тоқтатылған. Директор желіде апат болғанын айтады. Қазір қыстың көзі қырауда құбыр желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.


Бақыт Құлмағамбетова, Ақтау қаласы №1 мектеп директорының міндетін атқарушы:


Сабақ уақытын 35 минутке қысқартуға мәжбүр болдық. Балаларды алтыншы сабақтан қайтардық.


Жылыту маусымы басталмас бұрын жергілікті билік шахардың қысқа сақадай сай екенін жариялаған болатын. Әкімнің орынбасары күн сайын таңғы 8-ден мектептер мен ауруханаларды аралайды. Айтуынша, тек 4 мектеп жылымай отыр. Жағдайға жергілікті пәтер иелері кооперативі кінәлі көрінеді.


Рахат Елтизаров, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:


Көптеген мектептердің салқындығына байланысты өтініштер түсіп жатыр. Қазір 12 шағын ауданда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін кешке дейін бітіреді.


Талғат Әлібаев, Ақтау қаласының прокуроры:


Қыста құбырларды аудару дегенді түсінбедім. Қысқа дайындық кезінде оны тексеріп, содан кейін ғана Ақтау қаласы әкімдігі жанындағы комиссияға шығару керек қой. Ал қазір бұл шаруаны бастағаны несі? Сонда бұған дейін қайда қараған деген заңды сауал туады.


Осылайша құбырларды ауыстыру мәселесі прокурорларды таң қалдырды. Жылудың жайына алаңдаған ата-аналар бірден құзырлы органға шағым түсірген. Тексеру жүргізген прокурорлар мектеп әкімшілігіне ескерту жіберді. Оған сәйкес білім басқармасы жылыту мәселесін тездетіп шешуі тиіс.


Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ