$520.93 €609.07 ₽6.68
×

«Адем» сауда үйінде болған өрт бойынша қылмыстық іс бір жылға созылды

AstanaTV
26.04.2016ж. 20:00
1966
«Адем» сауда үйінде болған өрт бойынша қылмыстық іс бір жылға созылды

Алматыдағы «Адем-1» сауда үйінің кәсіпкерлері жаңа сайланған Бас прокурордан көмек сұрап отыр. Олар қолымызда құжаттарымыз бола тұра, әділдікке қол жеткізе алмай жүрміз, дейді. Ал тергеу ісінің бір жылға созылып кеткеніне наразы. Сауда орталығының күлі көкке ұшқанда, 2 мыңдай кәсіпкердің 3 мыңға жуық дүңгіршегі өртеніп кеткен еді. Шаш етектен шығынға батып, оны кімнен өндірерін білмей отырған кәсіпкерлер шағымын Айгүл Ермахан тыңдап келді.

Раушан Байжанова - кәсіпкер. Ол осыдан тура бір жыл бұрын құны 100 мың доллар тұратын тауары түк қалмай жанып кеткенін айтады. Әу-баста кәсібін дөңгелетпек болып, несие алыпты. Енді банк жағадан алып, кепілге қойған үйін босатуын сұраған.

Раушан Байжанова, кәсіпкер:

Сот әлі болған жоқ. Құжаттарымыз бәрі дайын. Соның бәрін өткіздік. Екінші  күні өзі сол сауда орталығының бастығы Тымбаев айтты, сендердің құжаттының бар болса, чек-накладной бар болса, әкеліңдер, біз төлейміз деді.  Біз жүгіріп барып, жанталасып  жинап әкеліп, оны оценкадан өткізіп, заңгерді жалдап,  бәрі заң бойынша болсын деп.  Бұл не деген масқара, не істейміз?  Қайда баруымыз керек? Біздің адамдарымыз үйсіз қалған, «біз өлеміз» дейді.

Адвокат Василий Резван күні кәсіпкерлерді жұбатып жүр. Оның пайымынша, Ішкі істер басқармасы тергеу ісін созып жіберді. Сондықтан құқық қорғаушы іске Бас прокурордың араласуын сұрап отыр.

Василий Резван, құқық қорғаушы:

Тергеу ісі осымен екінші жылға созылуда. Негізі екі аптадан басталып, бір айдың ішінде толық аяқталуы тиіс болатын. Біздің тіпті сотқа жақындар түріміз жоқ. Сорақысы тергеу нақты адам сенетін нұсқаны да ұсына алмай отыр. Құзырлы органдар тіпті зардап шегушілерді кінәлап, соларға қарсы іс қозғады. Сондықтан біз тергеу ісінің объективті жүргізілуін Бас прокурордан сұраймыз. 

Елена Мотькина, қалалық шағын және орта кәсіпкерлікті қорғау жөніндегі тәуелсіз кәсіподақ төрайымы:

48 адамның ашынғаны соншалық, бүгін митинг ұйымдастыруға бел буды. Енді қайтсін? Оларды Ішкі істер департаменті мен қалалық прокуратураның іс-қимылы осыған мәжбүрлеп отыр. Біз тағы бір ай күтіңдер деп көндірдік.

Айгүл Ермахан, тілші:

Кәсіпкерлер құқын қорғаушы сауда орталығы басшыларының кәсіпкерлермен бейбіт келісімге келуіне мүмкіндігі бар. Өтемақының орнына Адем сауда үйінің орнынан жер телімдерін тегін берсе болды дейді. Сонда қордаланған мәселе де шешімін таппақ. 

Айгүл ЕРМАХАН