Оралдық кәсіпкер Виталий Каркуланы
өлтірді деген күдікпен іздеуде жүрген Орынбор азаматы ұсталды. Бұл жайында
Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті жазбаша ақпарат таратты.
Құзырлы органның дерегіне сенсек,
полиция қарақшылық қылмысты ұйымдастырушы деп айыпталған Азамат Тоғаевты Алматы
қаласында ұстаған. Қарулы қылмыскерді «Арлан»
арнайы жасағы тұтқындапты. Ресейдің Орынбор облысының тұрғыны Азамат Тоғаев
осыған дейін де адам өлтіріп, қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 3 рет сотты
болған. Түрмеден 2012 жылы босап шыққанына қарамастан, ол алаяқтық жолмен
банктен несие рәсімдеу ісімен айналысып келіпті.
Оралдық полицейлер бұқаралық ақпарат
құралдары мен азаматтарға қылмыскерді ұстауда көмек көрсеткені үшін алғысын
білдіріп отыр. Ал қылмыскерді ұстауға көмектескені үшін уәде етілген ірі
көлемдегі ақшалай сыйақы құпия түрде төленетін болады, - делінген ақпарат
парақшасында.
Еске салайық, 13-ші қаңтар күні
оралдық кәсіпкер Виталий Каркула өз үйінде атып өлтірілген болатын. Ал басынан ауыр жарақат алған кәсіпкердің жұбайы қазір
Ресейде емделуде. 7-ақпан күні кәсіпкердің өліміне қатысы бар деген күдікпен
екі адам ұсталды. Олардың біреуі бизнесменнің бұрынғы жұмысшысы болып шықты.
Еркін ҚАРИН