$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Президент Қайрат Келімбетов пен Серік Ахметовты қабылдады

AstanaTV
12.02.2014ж. 20:00
1228
Президент Қайрат Келімбетов пен Серік Ахметовты қабылдады

Бүгін Президент Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов пен Үкімет басшысы Серік Ахметовты қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев теңгенің арзандауына қатысты дүрлігудің еш қажеті жоқ деп, халықты сабырға шақырды.


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


Теңге бағамының өзгеруі жалпақ жұртқа кесірін тигізбеуі керек. Мәжбүрлі экономикалық қадамды пайдаланып, қолдан бағаны шарықтатып, алыпсатарлықпен айналысып отырған валюта айырбастау пунктерін жазалау керек. Керек десеңіздер лицензияларын тартып алыңыздар. Қала, аудан, ауыл басшылары бағаның өсуін болдырмау керек! Бақыласын, мониторинг жүргізіп отырсын. Енді аталмыш бағамды сақтап қалуымыз керек.


Теңгенің құнсыздануын қажетті қаржылық шара деген Президент мұның елдегі экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталғанын айтты. "Бағамның өзгеруінен ірі өнеркәсіп, тау-кен орындары, мұнай мекемелері мен шағын-орта бизнес өкілдері қосымша табыс көреді", - дейді Мемлекет басшысы. Ал еліміздің бас банкирі жағдайды экономикалық тұрақсыздықпен түсіндірді. "Инвесторлардың дамушы елдер сахнасынан дамыған елдер нарығына кетуі, Ресей рублінің құлдырауы біздің экономикаға әсер етпей қоймады", - дейді Қайрат Келімбетов. Ал Үкімет басшысы жалпы баға тұрақтылығының сақталып отырғанын баяндады.


Серік Ахметов, ҚР Премьер-министрі:


Сауда нүктелерінің тоқтаусыз қызмет етуі қадағалануда. АИ-92, АИ-80 мен дизельдік отынның бағасы алдағы 30-45 күнде қымбаттамауы керек. Сесебі, ел қоймасында қажетті жанар-жағармай қоры жиналған. Әлеумет арасында сұранысқа ие тауарларға минималды баға келесі аптада бекітіледі. Жергілікті әкімдер тауар айналымында тұрақтылықты қамтамасыз етуде жұмыс істеп жатыр.


Әлия ӘШІМ