×

Білім беру саласындағы эксперименттер аяқталды

AstanaTV
27.04.2016ж. 20:00
2027
Білім беру саласындағы эксперименттер аяқталды

Білім беру саласындағы эксперименттер аяқталды. Жұртшылықпен кездесу өткізген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осылай деді. Сөйтіп, ол министрлер арасында алғашқы болып есеп беру жиынын бастады. 5 күндік оқыту, 12 жылдық білім беру, пәндер қысқаруы, ұлттық бірыңғай тестілеу - елдің бас ұстазы қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті жаңашылдықтарды қамтыды. Айгүл Әдепбай министрдің есеп беру кездесуін тыңдап қайтты.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бүгінгі күннің басты ньюсмейкеріне айналды. Кешегі Елбасының «халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізбейсіңдер» деген ескертпесінен соң, іске кіріскен секілді. Қоғамда қызу пікір-талас тудырған білім беру саласындағы реформаларды тыңдауға халық аз келген жоқ. Бірақ, жиналғандардың басым бөлігі - ата-аналар емес, министрге ашық сұрақ қоя бермейтін ұстаздар. Арасында қоғамдық ұйым өкілдері де болды.

Ал журналистерге орын жетпеді. Ерлан Сағадиев жаңашылдықтарды тағы түсіндірді. Бірақ жаңа оқу жүйесі сондай да жаңашыл емес. 10 мың бала ол жүйемен оқып үлгерген бүгінде. Сондықтан 15 жыл бойы дайындалған эксперименттерге нүкте қойылғанын айтты министр. Биылдан бастап 1 сынып оқушылары функционалдық сауаттылыққа негізделген жаңартылған білім беру бағдарламасымен оқытыла бастайды. Ол үшін 73 мың ұстаз арнайы оқытудан өтеді жаз бойы. Жыл сайын өзге сыныптар да қосылып отырады жаңа жүйеге. Ал жоғарғы сыныптарға келгенде, олардың сағаттары қысқарады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Пәндер саны қысқарады. Жоғарғы сыныптарда 18-19-дан 13-14-ке дейін қысқарады. Оқушылар үшін де, ұстаздар үшін де жақсы. Жаңа білім беру жүйесімен оқыған 10 мың баланы алсақ, білім беру сапасының жоғары екенін көреміз. Олар жоғарғы оқу орындарына түсті, «Болашақ» бағдарламасына өткендері қаншама.

Алайда қандай пәндер біріктіліріп, қайсысы қысқартылатыны туралы әзірге айтылмады. Министр мектептер мен ЖОО-дағы ақша жинау үрдісімен күрес жүргізбек. Бірақ тағы да механизмдерін нақтыламады. Жалпы журналистер тарапынан білім беру жүйесіндегі ақша жинау төңірегінде сұрақ аз қойылмаса да, министр жауабы хат жолдаңыздар, тексеріміз дегеннен аспады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Сондай мәселе көтерілсе, ақша алып жатыр деген, ана-мынаны істеп отыр деген, бізге хат жазыңыз. Бізде арнайы органдар бар. Солармен жұмыс істеп, сол мәселелерді қарайық.

Ұстаздар үшін жағымды жаңалық. Жаңа оқу жылынан бастап бума-бума қағаз бен есеп тапсыру тоқтатылады. Сонымен қатар министр білім беру бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларын ҰБТ-ға байланысты оқушылар мен мұғалімдерге қысым көрсетпеуге шақырды. Яғни енді ҰБТ олар үшін рейтинг белгісі болып саналмайды. Кәсіпкерлерге де жағымды ақпар айтылды. Енді жеке балабақша ашамын дегендер үшін лицензия алу тәртібі жеңілдетілмек.

Айгүл ӘДЕПБАЙ