$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Астанада бірнеше саланың министрлері тілшілермен кездесті

AstanaTV
13.02.2014ж. 20:00
1280
Астанада бірнеше саланың министрлері тілшілермен кездесті

Тағы да баға жайы. Бүгін Астанада бірнеше саланың бірінші басшылары тілшілерді жинап осы тақырыпты қаузады. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрі "ас атасы" - нанның құнына қатысты мәліметімен бөлісті. Ал Мұнай газ министрі экономиканың негізгі ұстыны саналатын қара алтын мен көгілдір отын құнына қатысты ақпар берді. Коммуналдық төлемдердің мөлшері де назардан тыс қалмады.

Ұлттық валюта курсының өзгеруі халықтың негізгі тұтынатын тауарларының бағасына қаншалықты әсер етпек? Бағаны тұрақтандыру және реттеу шаралары қандай болмақ? Көпшілікті толғандырған осы сұрақтарға бүгін Үкіметтің бірнеше мүшесі жауап берді. Олардың бірауыздан айтқаны - қор бар, реттеуге мүмкіндік бар және мүмкіндіктер іздестіріледі. Алайда арасында нарықтағы ахуалға кепілдік беруге болмайтынын түсіндірген министрлер де болды.

Алдымен азық-түлік бағасы туралы. Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков Қазақстанда азық-түліктің бағасы осы қалпында сақталады дейді. Өйткені, ішкі тұтыну нарығындағы өнімнің сексен пайызы - отандық өнім. Нанның құны да жыл соңына дейін қымбаттамайды.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылық министрі:

Ең көп қор Қостанай, ШҚО, Маңғыстау, Павлодар облыстарында және Астана қаласында. Ең аз қор - Алматы, БҚО, Ақмола облыстарында.

Теңге құны құлдыраған күні бірқатар өңірлерде бензин бағасын құбылту деректері тіркелгені мәлім. АИ-92 маркалы бензиннің құны кей жерде 115 теңгеден бірден 175 теңгеге дейін еселенді. Бүгін Мұнай және газ министрі жанар-жағармайдың бұрынғы белгіленген бағасы алдағы айларда сақталып тұратынын айтты. Десе де, қазір Қазақстан қорында 45 күнге жетерлік бензин қалғаны белгілі. Ал ол түгесілгесін не болмақ?

Жыл соңына дейін бензин бағасы қайта өспей ме деген сауалды қойғанда, министр Қарабалин мырза алғашқы нақты жауабын қайталай алмады.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Я бы так не рисковал сейчас... Мы и в прошлом году, когда все было спокойно, тоже этого не говорили. Давайте мы сейчас присмотримся к тому, как пойдет рынок. Все-таки завоз нефтепродуктов из России - это не принудительный завоз, никто не имеет обязательств везти сюда, это рынок их должен заинтересовать, чтобы они привезли сюда или же наши привезли из России.

Бағаны бағамдап отырғандар жүгендеуге келмейтін тарифтердің барын мойындады. Соның бірі - газ тарифі. Ұлттық валютаның арзандауына қарай, енді бірнеше облыста тұтынушы үшін көгілдір отын құны артады. Қазір сырттан алынып жатқан газ құны бір мың текше метр үшін 85 долларға тең.

Мұрат Оспанов, Табиғи монополияларды реттеу мемлекеттік агенттігі төрағасы:

АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамының өзгеруі тек импорт газға тәуелді аймақтардың, яғни Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Алматы қаласының тарифтеріне ықпал етеді. Түпкілікті баға құрылымында сатып алынатын газ көлемі 60-70%.

Теңге күрт арзандаған соң, дүкендер мен ірі сауда орталықтары тауарды қайта бағалау үшін есіктерін тарс жапқаны мәлім. Бүгін олардың бұл әрекеті заң бұзушылыққа баланды. Бір күнде Батыс Қазақстанда азық-түлік, Қостанайда құрылыс заттары, Павлодарда дәрі-дәрмек қымбат, жаңа бағамен сатылған. Қиын сәтте заң бұзған мұндай сауда орталықтары енді заң алдында жауап береді.

Ғалым Оразбақов, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасы:

В связи с чем, на этапе применения мер предупреждающего воздействия, когда можно избежать антимонопольных расследований, обращаюсь к субъектам рынка и призываю осуществлять свою деятельность в строгом соответствии с законом. Также хочу обратиться к гражданам и потребителям с просьбой сообщать нам о фактах резких скачков цен, мы будем применять соответствующие меры.

Сейсенбідегі қаржылық құбылыс, яғни теңгенің Америка долларына қатысты бағамының өзгеруі - "Қашаған" кенішіндегі өндірістің тоқтап қалуына немесе кідіруіне байланысты емес. Бұл туралы Мұнай және газ министрі мәлімдеді. Алайда кеніштегі мұнай өндіру қашан жанданатыны - әлі де белгісіз.

Сымбат МОЛДАТАЙ


Алдыңғы жаңалық