Биыл Ауғаныстаннан кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл. Ал Атырауда
ауған соғысы ардагерінің жесірі баспана деп айтуға келмейтін сарайда тұрып
жатыр. Шаһар маңындағы Ақсай ауылында Әбілхатиевтер отбасы күндік азық табумен
ғана күнелтіп келеді. Отағасы салып кеткен
мына екі бөлмелі үйді баспана деп айтуға ауыз бармайды. Едені жоқ, ырсиған
қабырғалардан гулеген жел онсыз да әрең тартатын пештің жылуын жоқ қылады.
Терезе деген атымен жоқ, орнына мақта тығылған. Түрғындар үйде де сыртқы
киіммен жүреді.
Ауған соғысының ардагері, марқұм Сембай Әбілхатиевтің жесірі
Зылиха Оразбаева жағдайының мүшкіл екенін айтып көмек сұрады. Денсаулығына орай
жұмыс істеуге де қауқары жоқ ана, перзенттерінің болашағына алаңдаулы.
Мемлекеттен бір тиын да көмек алмайтын отбасы жүк тасып ақша табатын ұл мен
қызының күндік табысымен күнелтіп отыр.
Зылиха Оразбаева:
Енді қайда барам мен, ағайындар болса, көмектеспейді, өздерімен-өздері,
маған көмектесетін адам жоқ енді, үй салайын десем, ешкім көмектеспейді, әкімге
айтсам, әкім екі қолын көтереді.
Ал ауыл әкімі бұл отбасының жағдайынан хабардар. Қара суықта пеш салып
бердік деп отыр. Қоғамдық жұмыстарға да тарттық дейді. Енді алдағы уақытта
ананың өзін және балаларын жұмысқа тұрғызуға көмектесеміз деген уәде берді.
Арман Нұрғалиев, Ақсай ауылдық округінің әкімі:
Алдағы уақытта да қоғамдық жұмысқа алуға дайынбыз. Және егер манағы
көмектесетін кәсіпкерлер болса үйін жөндеуге, отынмен газын тартуға, жұмыстар
жүргізуге болады. Егер үлкен кәсіпкерлер көмектесеміз десе, барлық жағдайды
жасауға дайынбыз.
Базаргүл ІЗІМОВА