Петропавлда алаяқтарға алданып, пәтер сатып алған тұрғын сотта ұтылып қалды. Сот бұрынғы қожайынның пайдасына шешілді. Енді алданған азамат банкке құйған ақшасынан да, ипотекаға алған баспанасынан да қағылайын деп тұр. Қулықтарына құрық бойламайтындардан сақтану жолдары қандай? Жауабын Абзал Құрманкин іздеп көрді.
Станислав Губарьков 2011 жылы баспанасын кеңейтпек болып, мына 3
бөлмелі пәтерді 34 мың АҚШ долларына ипотекаға алыпты. Айтуынша, жарты ақшасын
бастапқы жарна ретінде салып, қалғанын 10 жылға бөлген. Банк алдындағы борышын ол осымен 2 жыл
қатарынан айына 40 мың тенгеден төлеп келеді. Алайда жайлы баспанаға салған
қаражаты желге ұшайын деп тұр. Себебі аяқ асты пәтердің заңды иесі пайда болды.
Осыдан 4 жыл бұрын баспананың бастапқы иелері алаяқтарға алданып, пәтерден
айырылыпты. Бұл жағдаяттан кейін сот процесі басталып, ол пәтердің заңды
иелерінің пайдасына шешілді.
Нұрсұлу Жапарова, Петропавл
азаматтық сотының судьясы:
Нұрмұқанова Гүлнәр
Ережеповнаның Губарьков Станислав Михайловичқа қатысты пәтерді босату туралы
арызын сот қанағаттандырады. Демек, Губарьков Станислав Михайлович жанұясымен
бірге сот шешімі заңды түрде күшіне енгеннен кейін пәтерді босатуы керек.
Станислав Губарьков бастапқыда
сот шешімімен келіспеді. Істің қайта қаралуын сұрады. Алайда судья азаматтың
арызын қанағаттандырған жоқ. Лажы таусылған Станислав Губарьков енді пәтерді
көктемде босатуды өтініп отыр. Мына сүйектен өтер суықта қайда барамын деп
алаңдайды ол. Оның үстіне банк жер сипап қалған азаматты ипотекалық қарыздан
босатудан бас тартқан.
Станислав Губарьков, Петропавл қаласының
тұрғыны:
Басқа пәтер сатып алу түгіл,
жалдап тұруға да ақшам жоқ. Бар қаражатым адвокатқа кетті. Далаға қуса,
кішкентай немеремді қайда апарамын? Сақтандыру компаниясы пәтер құнын банкке
қайтаруға келіспей отыр. Сонда маған ипотеканы әлі 7 жылдай жабу керек.
Айта кетейік, бірнеше адамнан
құрылған алаяқтар, 5 жыл бойы қаладағы 15-ке жуық тұрғынды осылай тығырыққа
тіреген. Тек 2011 жылы ғана жеңіл ақша табуды көздегендердің былығы әшкере
болды. Ал баспаналардың заңды иелері пәтерлерін қайтарып алған.
Судья Елена Максютаның айтуынша, бүгінде
пысықайлардың ісі сотта қаралып жатыр. 3-уі темір торға тоғытылса, қалғандарына
қатысты қылмыстық іс әлі аяқталған жоқ. Алаяқтардың нақты саны әзір белгісіз.
Дей тұрғанмен, Станислав Губарьков секілді «екі ортада шыбын өледінің» кебін
кигендерде тығырықтан шығар жол бар көрінеді.
Елена Максюта, Солтүстік
Қазақстан облыстық соты апелляциялық сот алқасының судьясы:
Пәтерлердің жаңа иелерінің
құқықтарын түрлі амалмен қорғауға болады. Олар баспананы сатқан адамды сотқа
бере алады. Бұл заңда қарастырылған жайт. Нәтижесінде бар ақшасын қайтарып
алады. Әрине, бірден емес.
Заңгерлер арты дауға айналатын
пәтерге тап болмас үшін, алдымен баспананың бұрынғы иелерін бастан аяқ тексеріп
алуға кеңес береді. Анатолий Жицкий мұндай жайттардың өз тәжірбиесінде көп
кездесетінін айтты.
Анатолий Жицкий, заңгер:
Әділет басқармасында пәтердің
бұрынғы иелерінің санын анықтап алу керек. Егер де иелері көп ұзамай ауысып
отырса, бұл үйге күдікпен қарау керек. Сондай-ақ қолда бар құжаттарды дұрыстап
тексеру қажет. Қазіргі кезде алаяқтарға жалған құжатты жасау қиынға соқпайды.
Заңгерлер Станислав Губарьков үйді сатып алған адамды сотқа бере алады дейді. Алайда оның кезек күттілмейтін бірінші мәселесі отбасына жаңа қоныс табу болып тұр.
Абзал ҚҰРМАНКИН