$467.29 €501.03 ₽5.35
×

Ақпанның 7 мен 23 аралығында өткен ақ олимпиада өз мәресіне жетті

AstanaTV
24.02.2014ж. 20:00
1514
Ақпанның 7 мен 23 аралығында өткен ақ олимпиада  өз мәресіне жетті

Ақпанның 7-сі мен 23-і аралығында өткен ақ олимпиада өз мәресіне жетті. Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді. Бейресми командалық есепте еліміз 26-орынға жайғасты. Ал жарыс иелері Ресей командасы 13 алтын, 11 күміс және 9 қоланы иеленіп, 1-орынға табан тіреді. Жалпы медальдар саны бойынша Ресей спортшылары ҚСРО құрамасының рекордын жаңартты. Ақ олимпиада төңірегіндегі өзге де жаңалықтар Самат Қанағатовтың топтамасында.



Шайбалы хоккейден Канада құрамасы алтыннан алқа тағып, Ванкувер олимпиадасындағы жетістігін қайталады. Ақтық сында үйеңкі жапырақ мемлекетінің спортшылары Швеция командасын 3-0 есебімен жеңді. Бұл ойындағы алғашқы шайбаны Джонатан Тейвс соқты. Үзілістен кейін Сидни Кросби есепті еселеді. Ал бұл ойындағы соңғы нүктені Крис Куниц қойды. Күміс медаль Швеция хоккейшілеріне бұйырса, қола жүлдені Финляндия командасы ұтып алды.


Сидни Кросби, Канада құрамасының капитаны:


Финалда гол соққаныма өте қуаныштымын. Бұған дейін де мүмкіндіктерім болды. Бірақ шайба қақпаға дарымады. Біздің жеңісіміз, біріншіден, бас бапкер Майк Бэбкоктың ерен еңбегі деп есептеймін. Ол қысқа мерзімнің ішінде мықты команданы жасақтап шықты. Сондай-ақ табандылығымен танылған командаластарыма алғысым шексіз.


Сонымен Ресейдің Сочи қаласында өткен 22-ші қысқы олимпиада ойындары мәресіне жетті. Төрткүл дүние көзтіккен дүбірлі жарыстың жабылу салтанаты "Фишт" стадионында өтті. Мерекелік шараны тамашалаған көрермендер жарық көріністердің куәсі болды. Әсіресе олимпиада алауының сөнуі ұмытылмас әсер қалдырды.


Самат ҚАНАҒАТОВ