$521.81 €543.67 ₽5.05
×

Сочи олимпиадасының 10-шы жарыс күні Қазақстан құрамасының қоржынына медаль әкелген жоқ

AstanaTV
18.02.2014ж. 20:00
1526
Сочи олимпиадасының 10-шы жарыс күні Қазақстан құрамасының қоржынына медаль әкелген жоқ

Сочи олимпиадасының 10-шы жарыс күні Қазақстан құрамасының қоржынына медаль әкелген жоқ.  Бұл ретте қазақстандық спортшылар Сергей Берестовский мен Бағлан Іңкәрбек фристайл немесе шаңғы акробатикасында сынға түсті. Жарыс қортындысы бойынша отандастарымыз іріктеу жарысынан аса алмай, медальдар үшін таласу мүмкіндігінен айрылды. 




Белоруссиялық биатлоншы Дария Домрачева Сочи олимпиадасының үш дүркін жеңімпазы атанды. Бұған дейін қос алтынды құрама қоржынына салған Домрачева бұл жолы масс-старт жарысында да алдына жан салмады. Жиырма мәрте нысана көздеп біреуінде мүлт кеткеніне қарамастан Беларусь құрамасының үздігі мәре сызығын бірінші болып кесті. Беларусьта алтын жүлде үшін 150 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілетінін ескерсек, Дария Домрачева үш бірдей алтын медальді иеленіп, 450 мың АҚШ долларын қалтасына басты. Екінші орынды чехиялық Габриэла Соукалова иеленсе, үшінші сатыны норвегиялық Тирил Экхофф еншіледі. Бобслейден ерлер арасынан өткен жарыста Ресей құрамасының спортшылары Александр Зубков пен Алексей Воевода олимпиада чемпионы атанды. Төрт мүмкіндік қорытындысы бойынша ресейлік спортшылар 3 минут 46 секунд көрсетіп, қарсыластарын сан соқтырып кетті. Екінші орынды Швейцария құрамасы иеленсе, үшінші орын АҚШ командасының үлесінде.




Сондай-ақ бұл күні мұз айдынында би өнерінен бәсекеге түскен спортшылар медальдар жиынтығын сарапқа салды. Қысқа бағдарламада бірінші орынды иеленген АҚШ спортшылары Мэрил Дэвис пен Чарли Уайт 195 ұпайға ие болып, алтыннан алқа тақты. Жеңімпаздан 5 ұпайы кем канадалық жұп екінші орынға қол жеткізсе, қола жүлдені ресейлік Елена Ильиных пен Никита Кацапалов ұтып алды.


Самат ҚАНАҒАТОВ