$467.29 €501.03 ₽5.35
×

Қостанай мектептерінде өрт қауіпсіздігі сақталмайды

AstanaTV
13.03.2014ж. 10:00
751
Қостанай мектептерінде өрт қауіпсіздігі сақталмайды

Тобыл өңіріндегі білім ордаларының басым бөлігінде өрт қауіпсіздігі сақталмайды. Облыстағы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері осылай дабыл қағып отыр.

Білім басқармасының департамент өкілдері өткен жылы аймақтағы 805 мектепті тексеріп, оның тек 19% ғана өртке қарсы ережені ескеретіндігі анықтаған. Тіпті көбісінде автоматты түрде іске қосылатын өрт қондырғылары мүлдем орнатылмапты. Осындай салғырттық кесірінен ақпан айында Алтынсарин ауданындағы ауыл мектебі қызыл жалынға оранды, - дейді департамент өкілдері.

Сондай-ақ, өңірдегі екі жүзге жуық ауыл мектептерінде жылыту қазандықтары білім ошағына іргелес орналасқан. Ережеге сәйкес олар жеке жерде болуы керек. Сала басшылары барлық мәселені қаражатпен байланыстырып отыр. Егер қомақты қаржы бөлінетін болса, білім мекемелеріндегі олқылық біртіндеп жойылмақ. Мәселен, биыл осы мақсатқа облыс қазынасынан 17 миллионнан астам ақша бөлінбек.

Уәлихан
Досанов, Қостанай облыстық ТЖД баспасөз қызметкері:

Ауыл мектептерінің көбінде өрт сөндіргіш құралдары жетіспейді. От тұтана қалса, мектеп қызметкерлері қол қусырып қалмақ.
Сонымен қатар, ауылдағы білім ошақтарының басым бөлігінде жылыту қазандықтары іргелес орналасқан. Яғни, қызыл жалын бірден білім ордасын құрсауына алады деген қауіп бар.

Заңғар САНАЙ


)