$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жамбыл облысы Сарысу ауданы тұрғындарын мал ұрлығы мезі етіп келеді

AstanaTV
19.02.2014ж. 20:00
2190
Жамбыл облысы Сарысу ауданы тұрғындарын мал ұрлығы мезі етіп келеді

«Мал ашуы - жан ашуы!» Жамбыл облысы Сарысу ауданы тұрғындарын мал ұрлығы мезі етіп келеді. Саудакент, Сыздықбай және Жаңаталап ауылының жұрты жайылымға төрт түлігін шығаруға қорқып қалған. "Әккі ұрылар қорадан да қоймай жатыр", - дейді. Айтуларынша, ұрылар ұсталмайды! «Қарақшылардың соңынан шам алып түсетін тәртіп сақшылары шарасыз отыр», - деп шамданады. Ал полиция жайылымдағы малдың жайын мал иесінің өзі қарауы тиіс деп санайды. 


Жұрт "жайлаудағы жылқымыз бен сауылатын сиырымызды қарақшылар қолды қылды" дейді. Қазір олар қорада мал ұстауға қорқып қалған. Айтуларынша, бір ғана Жаңаталап ауылындағылар 170-тен аса жылқысынан айырылып, жер сипап қалыпты. Ал аудан бойынша ұрылар 300-ден аса жылқыны үптеп кеткен.


Бұл соңғы бес жылда болған бейресми дерек. Саудакенттіктер осы деректі естіп сары уайымға салынып отыр.


Бір үйден 43 жылқы ұрлану деген қандай сұмдық?

6-7 ай өтті сауып отырған құлынды биеміз жеті бас кетті. Тіпті үйден, түнгі сағат 12-де!


Жасы 70-тен асқан Олжатай Тасыбаева көрші Сыздықбай аулының тұрғыны. Ол осыдан екі жыл бұрын бір күнде 10 жылқысынан айрылып қалған. Әлі күнге малы да табылмады, ұры да ұсталған жоқ дейді.


Олжатай Тасыбаева, Сыздықбай ауылының тұрғыны:


Жеті баламды жеткіземін деп, мал ұстап асырап едім ақырында 10 жылқыны жоғалттым. 2 сауып отырған бие, 2 тай, 1 құлын. Милицияның соңына осы таяқ алып түстім. Ешқандай милициядан көмек жоқ. Барсаң айтады - неге қамап қоймадың ол жылқыны дейді!


Тұрғындар жайылымдағы төрт түлігін тиеп әкететіндерді тәртіп сақшылары таппайды деп ашынады. Ұрының атын атап, түсін түстеп берсек те, өрістегі малымызды іздеуге өзіміз шығындаламыз деп өкпелі.


Қамбар Әлібеков, Саудакент ауылының тұрғыны:


Оның оншақтысын білеміз біз кім екендерін. Бұрын сотталып келген кәнігі ұрылар бәрі. Адрестерінің бәрін милицияға бергенбіз. Ешқандай нәтиже жоқ. Ішкі істер қызметкерлерінің дәрмені жетпейді мұны ашуға.


Саудакент ауылынан учаскелік сақшының төбесін көрмедік. Кеңседе тек отжағар ғана бар. Ал ауданның бас полицейі Берік Нұркенов болса, қол қусырып, қарап отырмағанын айтты.


Берік Нұркенов, Сарысу аудандық ІІБ бастығы:


45 қылмыс тіркеліп, оның 21 сотқа жолданды. 42,9 пайызды құраған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда сонда бізде мал ұрлығы саны бізде өсіп отыр. Бізге енді мал ұрлығы үлкен қиындық тудырады. Себебі малды біздің ағайындар бос жібереді. Бәрі бағусыз. Оны біз жиындарда айтамыз.


Былтыр мал ұрлығына қатысты 44 қылмыстық іс қозғалған. Жалпы соңғы 5 жылда Сарысу аудандық ІІБ 110 мал ұрлығын тіркепті. Оның 47-і әлі күнге ашылмаған. Тұрғындардың топшылауынша, жергілікті жымысқы қолдар Оңтүстік Қазақстан облысының ұрыларымен ұйымдасып алған. Бұлай жалғаса берсе, ұжымдық ұрлық - түбімізге жетеді деп түңіледі.


Данияр ӘЛІМҚҰЛ