$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Алматыда ақыл-есінің кемістігі бар 300-ге жуық адам оңалтудан өту кезегінде тұр

AstanaTV
27.04.2016ж. 20:00
2915
Алматыда ақыл-есінің кемістігі бар 300-ге жуық адам оңалтудан өту кезегінде тұр

Алматыда ақыл-есі кем 300-ге жуық адам арнайы оңалту орталықтарына кезек күтіп жүр. Қаладағы бір ғана осындай орталық 60 адамға қызмет көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта мегаполистегі мұндай мекеменің көбі демеушілердің қаражатына тәуелді. Жақында меценаттардың көмегімен балалардың дене қозғалысын жақсартатын спорттық жаттығу алаңқайы ашылды.

Қарлығаш ана құрсағынан кемтар туылған. Психикалық ауытқуы бар, мына оңалту орталығы ашылғалы осында. Орталықтағы мамандардың сөзінше, 10 жыл ішінде сөйлеу қабілеті түзеліп, қоғамға әжептеуір бейімделіпті. Енді дене қимылын қозғалтып, емін-еркін жүріп тұруын жақсартсам деп жүр. 

Қарлығаш Тайжанова: 

Бүгін бірінші рет тренажерге істеп жатырмыз. Күнде істейтін шығармыз деп ойлаймыз. Біз ауру-сырқатты жеңеміз деп ойлаймыз бәріміз.

Ольга Попова, ата-ана:

Мұндай орталықтар болмаса, балаларымыз үйде отырып, онсыз да ауру балалар қарайып қалар еді. Көбісі оқи да, жаза да алмайды. Қазір осында келгелі, қасындағылармен араласып, қоғамға бейімделе бастады. Біз үшін оңалту жұмыстарының нәтижесі көп.

Мұндағылар жаттықтырушының бақылауымен денсаулықтарын шынықтыра алады. Әдетте мұндай жаттығу алаңдарында ақыл-есі дұрыс, бірақ тірек-қимыл жүйесі дамымаған балаларды сауықтыру жүргізілетін. Ал, ақыл-есі кем балаларды қоршаған ортаға бейімдеуде қарапайым дене шынықтырудың алатын орны ерекше, - дейді тәрбиешілер. Қазір бірлестікте 3 пен 18 жас аралығындағы 60 бала бар.

Асылжан Ғабитова,  дефектолог:

Әрине, барлығы бірдей спорттық жаттығу жасай алмайды. Кейбір балалардың бұған мүмкіндіктері шектеулі. Бірақ, дегенмен, икемі бар балаларды салауатты өмір салтын ұстауға үйреткіміз келеді. Сол арқылы қимыл-қозғалыстарын жақсартса дейміз.

Айгүл Ермахан, тілші:

Алаңқайда дене жаттығуларын орындап болған соң,  балалар арнайы мамандардан сабақ алады. Тілінің мүкісі барлармен дефектолог жұмыс істесе, неврологиялық ауытқушылықтары бар ұл-қыздармен психолог сөйлеседі. Қазір мекеме мамандары балаларды еңбекке баулуға кірісті. Мынау олардың қолынан шыққан алғашқы құрақ көрпешесі.

Гүлшат Нұрлыбаева, тігінші:

Қолдан жасаған жұмыстардың өзіндік емдік қасиеті бар қолдың энергиясы ұстап отырған тіккен кезде сіңіп қалады. Адам ұстағанда энергия  әсер етіп, ол пайдалы жағы көп, емдік жағы көп.

Психологиялық және әлеуметтік оңалту орталығына 18 жастан асқан кемтар жандардың да келуіне болады. Бірақ ол үшін сауықтыру мекемесінің көлемін ұлғайту мәселесін шешу қажет. Орталықтағы мамандар, егер жергілікті әкімдік тегін ғимаратпен қамтамасыз етсе, кезекте тұрған 300 мүгедекті де қоғамға бейімдеуге қарсы емес.

Айгүл ЕРМАХАН