$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Еліміздегі шетелдік инвесторлармен өнімді бөлісу туралы келісім қайта қаралады

AstanaTV
20.02.2014ж. 20:00
1069
Еліміздегі шетелдік инвесторлармен өнімді бөлісу туралы келісім қайта қаралады

Жуырда еліміздегі шетелдік инвесторлармен өнімді түбегейлі бөлісу туралы келісім қайта қаралады. Мемлекет жер қойнауларынан өндірілетін өнімнің табысынан бюджетке құйылатын кірісті көбейтпек. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапармен жүрген мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді.

Құйқалы Қарашығанақ кеніші - әлемдегі ірі кен орындарының бірегейі. Қазір мұнда еліміздегі газдың шамамен 48 пайызы және мұнайдың 16 пайызы өндіріледі. Өнімді бөлісу туралы түбегейлі келісім жасалғалы да, 17 жыл болды. "Ендігі инвесторлардың осы салаға жұмсаған барлық шығындары толығымен өтелді", -деді министр. Дегенмен, Ұзақбай Қарабалин ортақ келісімді қайта қарау туралы ұсыныстың нақты қашан жүзеге асатынын нақтыламады.


Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:


Егер инвестициялар қайтарылғанша түскен пайдадағы Қазақстанның үлесі, небары 20% құраса, қалған 80% инвесторлардың қалтасына түсті. Енді бұл формула біртіндеп өзгереді. Алдағы жылдары өнімді бөлісудің жаңа жүйесіне көшетін боламыз. Осылайша, ел бюджетіне түсер түсім де айтарлықтай артады деп сенеміз.


Кен орнына қатысты, министрге отандық кәсіпорындардың басшылары шағым айтты. Қазір Қарашығанақ жобасына қатысушылардың ішінен жергілікті өндірушілерді саусақпен санауға болады. Өйткені, инвесторлардың қояр талабы тым жоғары. Сондықтан, көптеген кәсіпорын тендерлерге қатыса алмайды. Осылайша, қызмет көрсету саласы мен отандық мамандардың үлесі 60 пайыздан да аспай отыр.


Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:


Бұл кеніш өте ерек кен орны. Сондықтан, ондағы құрылғыларда аса жоғары сапалы болуы керек. Әлемдік стандарттарға сай келмейтін қондырғылардың жағдайына көз жұма қарасақ, оның соңы орны толмас зор апаттарға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан, үкімет тарапынан біз оларға нұсқау бере алмаймыз. Өйткені, олар осы кеніштегі жұмыстың үздіксіз жүргізілуі мен қауіпсіздікке жауап береді.


Еркін ҚАРИН