$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырауда мемлекет мүлкін жекеге сатқан тағы бір деректің беті ашылды

AstanaTV
20.02.2014ж. 20:00
1812
Атырауда мемлекет мүлкін жекеге сатқан тағы бір деректің беті ашылды

Атырауда мемлекет мүлкін жекеге сатқан тағы бір деректің беті ашылды. Аймақтың экс-әкімі Бергей Рысқалиевтың тұсында «Мұнайшы» стадионының белгілі бір аумағы және автотұраққа арналған жер учаскесі толықтай жеке бір компанияның меншігіне өтіп кеткен.

Бұл деректі жуырда тексеріс жүргізген мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы анықтады. Жеке серіктестік ол жерді банкке кепілге қойып, несие алған. Алайда спорт кешені басшылығы бұл мәселеден бейхабар, біздің тілшілерімізден естіп аң-таң болды. 


Табиғатты қорғау прокурорлары тың деректің бетін ашты. «Мұнайшы» спорт кешенінің кіші футбол алаңы мен ені 20, ұзындығы 200 метр болатын автокөлікке арналған жалпы аумағы 1 гектарға жуық жер 2006 жылы жеке компанияға сатылып кеткен. "Бас пайдасын ғана ойлаған шенеуніктер «Жер туралы» кодекстің бірден бірнеше бабын белден басқан», - дейді қадағалаушы орган. Бұл дерек арнайы тексеріс барысында анықталыпты.


Асылбек Мұқанов, Атырау облыстық табиғат қорғау прокурорының орынбасары:


20 қараша 2006 жылғы қала әкімінің шешімімен арнайы кіші футбол алаңы және автотұраққа берілген жер телімін «Атырау Мульти Сервис ЛТД» ЖШС-не спорттық ойын-сауық кешені құрылысын салу үшін берілгендігі анықталды. Тексеру нәтижесімен жинақталған құжаттарды қаржы полициясына алдын ала тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін жолданып, сонымен қатар Атырау облыстық аумақтық жер инспекциясына жер телімін шығарылған шешімді бұзу туралы талап арыз жөнінде хат жолданды.


Бірақ 8 жылдан бері бұл маңға ешқандай құрылыс жүргізілмеген. Есесіне алаңды жеке мүдде үшін пайдаланғанға ұсайды. Прокурорлардың ақпаратына сенсек, пысықайлар жер учаскесін кепілге қойып екінші деңгейлі банктен 12 млн теңге несие алған.


Базаргүл Ізімова, тілші:


Мемлекеттік нысанға тиесілі жер учаскесінің қазіргі иесі - «Атырау Мулти Сервис» ЖШС. Ол аймақтағы ірі «Іскер» консорциумының еншілес мекемесі саналады. Шахардың орталығында орналасқан бас кеңседен тілдесер жан табылмады. Компания басшысы шекара асып, Амстердамға іссапарға кеткен. "Қашан оралары белгісіз", - дейді хатшылары.


Генерального нет, он в командировке, а Мырзабаев Амстердамда, шетелде ол.


Ал «Мұнайшы» стадионының басшылығы өздеріне тиесілі жердің белгілі бір бөлігінің жеке мекемеге тиесілі екенінен бейхабар. "Мемлекеттік актіге сәйкес 5 гектар жерге салық төлеп келдік", - деген басшылық, бұл хабарды бізден естіп аң-таң.


Рашид Агуанов, «Мұнайшы» спорт кешені КМҚК директорының міндетін атқарушы:


Сіздерден қазір ғана естіп отырмын. Қолымызда мемлекеттік акт бар. Соған сәйкес 5 гектар жер учаскесі осы спорт кешеніне тиесілі. Сол үшін барлық салық төлемдерін жасап отырмыз. Басқасын білмедім. Автокөлік тұрағы кешен қызметкерлері мен келушілерге арналған қоғамдық тұрақ.


Айта кетейік, бұл - облыстағы жалғыз ірі орталық стадион. Мұнда күніне 800-дей адам келіп спортпен шұғылданады. 9 мыңға жуық көрермен орны бар стадионда жыл сайын ҚР премьер лига ойындары өтеді. Енді қомағайлардың қоржынында кеткен әлеуметтік нысанның қашан мемлекетке қайтарылатыны әзірге белгісіз.


Базаргүл ІЗІМОВА