Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мүгедек жандар қоғам өмірінен тыс қалмай, жұмыспен қамтылуы тиіс

AstanaTV
21.02.2014ж. 20:00
1457
Мүгедек жандар қоғам өмірінен тыс қалмай, жұмыспен қамтылуы тиіс

«Мүгедек жандар қоғам өмірінен тыс қалмай, жұмыспен қамтылуы тиіс!» Бүгін Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осылай деді. Бас партия бастамасымен бүгінде «Кедергісіз келешек» жобасы іске асуда. Жоба аясында аймақта алғаш рет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде 40-тан астам кәсіпорын мен мекеме 300-ге тарта бос жұмыс орнын ұсынды.


"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек әуелі Жамбыл облысындағы Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерімен кездесті. Онда Елбасының Жолдауындағы айтылған Мәңгілік ел идеясына үлес қосу жайы айтылды. Ал кіші ассамблея өкілдері бір мақсатта болу үшін бірлікке бекем болу керектігін сөз етті. Мұнан соң  бас партия белсенділері мүгедектерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде болды.


Жамбылда ұйымдастырылған жәрмеңке мүгедек жандарға мол мүмкіндік сыйлады. Аталмыш шара аясында 45 кәсіпорын мен мекеме 294 бос жұмыс орнын ұсынды.


Бауыржан Байбек, Нұр Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары:


Олар жұмыс істегенде жастарға деген үлкен тәрбие деп ойлаймын. Сол себептен министрліктермен қосыла отырып, біз бүгін 300 әр түрлі мамандықтарды бекіттік. Ол бойынша мүгедектерге жұмыс істеуге болады. Сосын мемлекет тарапынан әр түрлі құралдар бар. Ақша жағынан да көмектесу.


Ал Бұл - Рауан Рауылбеков. Жұбайы да, өзі де жәрмеңкеден жұмыс тауып, мәз-мәйрам. 32 жастағы азамат бірінші топтағы мүгедек. Оқыс жағдайда омыртқасын зақымдап, балдақпен басып жүргеніне 10 жыл. Ал мамандығы аудармашы болғанымен, осы уақытқа дейін өзіне лайық жұмыс таппапты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ардагерлер мен мүгедектер бөліміне жас маман ретінде жұмысқа қабылданды. Ал қоларбаға танылған жары Айгүл Рауылбекова да енді еңбекке етене араласады.


Айгүл Рауылбекова:


Біз үшін жолдасымысыз екеумізге қуанышты күн болып отыр. Менің мамандығым эколог. Экология басқармасына жұмысқа тұрайын деп жатырмын. Осы жәрмеңкенің арқасында басқа мүгедектердің өмірге құлшынысы, еңбекқорлығы пайда болады деп үміттенемін.


Нұротандықтардың іске асырып жатқа «Кедергісіз келешек» жобасы өзге өңірлерде де қолға алынбақ. Аталмыш жоба іске асқан бір айда еліміздегі 500-ден аса мүгедек жан жұмыспен қамтылған.


Бауыржан Байбек, Нұр Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары:


Нұр Отан партиясына бір жылға деген 5 мың мүгедектерді жұмысқа тұрғызу осындай көрсеткішті қойып отырмыз. Біз одан да көп жасауға мүмкіндігіміз бар. Амандық болса, бүгін 200-дей адам жұмысқа тұрады деп ойлаймын.


Сондай-ақ Бауыржан Байбек бастаған топ «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының кезектен тыс өткен 13 конференциясына қатысты. Жуырда тағайындалған облыс әкіміне партия билеті тапсырылды. Кәрім Көкірекбаев партияның облыстық филиалының төрағасы атанды.


Сондай-ақ конференция барысында саяси кеңес мүшелері жаңартылды. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бүгінгі күннің басты жаңалығы болған бос орындар жәрмеңкесі бүгінмен шектелмейді. Қолдау барда, қолға алына бермек. Партиялықтардың пәрмені осыны аңғартты.


Данияр Әлімқұл