Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Виктор Янукович кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөнінде бастама көтерді

AstanaTV
21.02.2014ж. 20:00
875
Виктор Янукович кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөнінде бастама көтерді

Украинада шұғыл түрде сайлау өтуі мүмкін. Ел президенті Виктор Янукович кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөнінде бастама көтерді. Бұл жайлы ақпарат ел биілігінің ресми сайтында жарияланды. Мұндай мәлімдемені Янукович оппозиция көшбасшыларымен, Ресей және Еуроодақ өкілдерімен өткізген келіссөздерден кейін жасады. Сондай-ақ Виктор Янукович 2004 жылғы конституцияға қайта оралу, премьер мен парламенттің өкілеттіктерін кеңейту туралы айтты.


Бұл кезде Киевтегі қақтығыстан қаза тапқандар саны 77 адамға жетті. Тағы 300-ден астам тұрғын ауруханаға түскен. Шерушілерге қарсы қару қолданған билік бұған мәжбүрліктен бардық деп отыр. Өйткені қақтығыс алаңында мергеннің қаруы бірнеше полицейді жарақаттаған. Қауіпсіздігін күйттеген күштік құрылым өкілдері де оқ жаудырады.

Ал Киев мэрі Владимир Макеенко бұл жағдайды құптамайтынын айтып, билік партиясы құрамынан кетті. "Қақтығыс барысында бір де бір олигарх пен саясаткер өлмеді, керісінше, ондаған тұрғын ажал құшты", - деп биліктің әрекетін сынаған сыңай танытты.

Тәуелсіздік алаңы қазір шерушілерге толы. АҚШ пен Еуроодақ тарапынан украина билігіне қысым да күшейе түсті. Визалық санкциялардан бөлек экономикалық санкция да енгізіліп жатыр. Сарапшылар Украина дефолтқа ұшыраудың алдында тұрғанын талмай айтып жатыр. Киев дүкендерінде азық - түлік таусылған. Жаппай тонау оқиғалары тіркелуде.


Базаргүл ОТЫНШИЕВА