$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Әзірбайжанда іссапармен болды

AstanaTV
21.02.2014ж. 20:00
1524
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Әзірбайжанда іссапармен болды

Қазақстан дамуының 2050 Стратегиясы, Елбасының маңызды бастамалары Қазақстаннан тыс жерлерде де қызу қолдау табуда. Бұл туралы көршілес Әзірбайжанға сапарлаған Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді. Еліміздің Парламентінің өкілдері әзірбайжандық әріптестерімен екі жақты қатынастың маңызды мәселелерін талқылап, екі елдің заң шығарушы органдары арасында ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды.


Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Милли Меджилиснің спикері Октай Асадовтың кездесуінде парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Қос спикер Нұрсұлтан Назарбаев пен Ильхам Әлиев арасындағы құжаттарда белгіленген мақсаттарды жүзеге асыруды құқықтық жағынан қамтамасыз етуге баса назар аударды.

Кездесу соңында Нұрлан Нығматулин мен Октай Асадов Парламент Мәжілісі мен Милли Меджилис арасындағы ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес тараптар заң шығармашылық жұмысында белсенді тәжірибе алмасуға, парламентаралық ұйымдар аясында өз әрекеттерін үйлестіруге, сондай-ақ түркі бірлігін нығайтуға ықпал етпек.


Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:


Әзірбайжан елінде өткен барлық кездесулерде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңызды бастамаларына ерекше назар аударатынына куә болдық. Және ол бастамалар екі елдің, соның ішінде заң шығарушы органдар арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ықпал ететіні айтылды. Сондықтан да біздің Парламенттеріміз арасында арнайы Келісімге қол қойылды. Әрине, бұл құжат біздің Елбасының және Әзірбайжан президентінің стратегиялық келісімдерін заң жағынан қолдауға, сонымен бірге, біздің елдеріміздің келешекте табысты дамуына үлес қосатыны сөзсіз.


Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ