Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Петропавлда №2 аурухананың маңындағы үйлер жаппай бұзылады деген хабарлама тарады

AstanaTV
21.02.2014ж. 20:00
1361
Петропавлда №2 аурухананың маңындағы үйлер жаппай бұзылады деген хабарлама тарады

Петропавл қаласында бір ауданның тұрғындарына тосын «сүйінші» жетті. Жергілікті билік, №2-қалалық аурухананың маңындағы жеке үйлер жаппай бұзылады деген хабарлама таратты. Алайда олардың орнында не тұрғызатындарын түсіндіруге асықпайтын көрінеді. Қараша болса, көкейлерін тескен сауалға жауап таба алмай шыр-пыр. Мән-жайды Абзал Құрманкин анықтауға тырысты.


Мәжиевтер жанұясына бұл титтей жер ата-бабасынан мұра ретінде қалған. Бір атаның балалары бір шаңырақтың астында түтін түтету үшін мына жерде алып коттедж соқты. Алайда олар енді жайлы баспаналарымен қоштасуға мәжбүр көрінеді.

Жалпы аумағы 240 шаршы метр болатын бұл баспана 2012 жылы бой көтерді. Жұмабике Мәжиева бұл үйді салу үшін қаражатты жабыла жинағанын айтады. Үйдің құрылысын аяқтау үшін тіпті несиеге де белшеден батыпты. Барлығы баспананы соғуға 150 мың АҚШ долларын жұмсаған. Бұл қаражатты енді қайтара аламыз ба, деп алаңдайды олар.


Жұмабике Мәжиева, Петропавл қаласының тұрғыны:


Құжаттың бәрі бізде бар. официально законно бәрін істедік біз. Енді біздің үйімізді алайын деп жатыр. Үй үлкен. Оның орнына бізге не береді енді? бізде мұнда 4 хозяин бар. әрбірімізге пәтер бере ме, әлде бәрімізге бір пәтер бере ме? Біз турасын білмейміз әлі.


Тұрғындардың айтуынша, бұл ауданда ұзын-саны 77 үй бұзылады. Кейбіреулеріне ескерту қағазы келсе, бәзбіреулер баспанасының ысырылатынын ұзын құлақтан естіген. Қала тұрғыны Игорь Лысенковтың пайымдауынша, бұл ауданның бас жоспары 2007 жылы құрылды. Жобаның бұдан былай өзгермейтініне қараша сенді, ақыры опық жеді, дейді.


Игорь Лысенков Петропавл қаласының тұрғыны:


Бәрі бас жоспарға сеніп, әкімдіктен рұқсат алып, мына аралықта үйлерді салып тастады. Мен де солардың қатарындамын. Бірақ қазір су жаңа үйімізді апаттық деп танып, жермен жексен қылмақшы. 2007 жылы құрылған жоспар ескіріп, енді жаңасын әзірлемек. Қала архитекторы жергілікті газетке берген сұхбатында «бұл жайында түкте айта алмаймын» депті. Ол айтпаса, кім айтады?


Атқамінерлер болса, бас жоспардың табан астынан өзгертілуін Петропавлда екі жылдан кейін өткізілетін жоғарғы деңгейдегі саммитпен түсіндірді. 2016-жылы қалада Қазақстан мен Ресей президенттерінің кезекті ресми кездесуі өтеді деп жоспарланып отыр. Демек, ел Президенттерін тиісті деңгейде қарсы алу үшін қала кейпін жаңғырту көзделіп отыр. Халық алдында есеп берген қала әкімі де осылайша қысқа жауап қайырды.


Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:


Шаһар 21 ғасырға сай болуы тиіс. Аталмыш жер мемлекеттің қажеттілігіне қайтарылады. Жалпы бұл жаңғыртудан өтетін 5-нші аудан. Қандай мақсатта істеп жатқанымызды айтайын сізге. 2016 жылы Петропавлда ел жетекшілерінің кездесуін өткізу жоспарланған. № 2 қалалық аурухана ауданы шаһар орталығына жатады. Сондықтан оны көркейту шарт.


Денис Бредников, Петропавл қалалық әкімдіктің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ басшысы:


Біз «Метро» концерт залын Конгресс-холлға айналдырмақпыз. Сосын маңындағы үйлерді бұзып, ол жерді аббаттандырамыз. Сол себептен әлгі жер учаскілерін сатып алмақшымыз. Өтемақы нарыққа сәйкес белгіленеді. Бұл орайда қала әкімдігінің тәжірибесі зор. Осыған дейін жерлерін сатқандардың арасында өкпелеп қалғандар жоқ.


Осылайша, шенеуніктер ешкімді ренжітпейміз деп отыр. Алайда алып коттедждерін бірнеше жыл тұрғызған жұрт бұл жоспармен келіспек емес. Жұмабике Мәжиева баспана тұрғызу оңай емес екенін айтты.


Абзал ҚҰРМАНКИН