$498.34 €519.72 ₽4.85
×

ҚР СІМ Жириновскийдің Думада айтқан сөзіне қатысты Ресей СІМ-не нота жолдайды

AstanaTV
25.02.2014ж. 10:00
1228
ҚР СІМ Жириновскийдің Думада айтқан сөзіне қатысты Ресей СІМ-не нота жолдайды

Ресейдің Мемлекеттік Думасы Қазақстанмен қарым- қатынасына сызат түспейді деп сенеді, өйткені, олар арадағы достықты сақтап қалуға мүдделі. Бұл туралы Мемлекеттік Дума аппараты жетекшісінің орынбасары Юрий Шувалов «Тенгриньюс» агенттігіне мәлімдеді. Ол Ресей халқының қалаулылары айтқан сөздерге қосылмайды.

Еске салайық, 23 ақпанда өткен мерекелік жиында, ресейлік арналардың бірі арқылы Жириновский «Орта Азия мемлекеттерін тәуелсіздігінен айыру керек» деп айтқан. Ол «Алматы қаласының атауын жалған деп, оны бұрынғы Верный» деп мәлімдеді.

Ал бұған дейін Ресейдің тағы бір саясаткері Эдуард Лимонов та Қазақстанның солтүстігін басып алу туралы «ұсыныс» айтқан. Ол Facebook әлеуметтік желісінде Кремльге «Қазақстанның солтүстік облыстарына аннексия жасауды» ойлануға кеңес берді. Аузына келген былапыт сөзді айтқаны үшін қос саясаткерге қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің тиісті мекемесіне нота жолдады.

Ал бірқатар Қазақстан саясаткерлері Жириновскийді Қазақстанға мүлдем келтірмеу керек деп есептейді. Өйткені, ол «Ресей саяси жүйесінің бір бөлігі, яғни әр сөзіне жауапты».

Сымбат МОЛДАТАЙ