Бүгін Украинада шұғыл президент сайлауына байланысты,
сайлау науқаны басталды. Президент тағына үміткерлер партиядан немесе өз
еркімен берілген ұсыныстар арқылы таңдалады. Ал, тіркелу үшін әр
кандидат 2,5 миллион гривен төлеуі тиіс. Нақты тізім 30-шы наурызға дейін белгілі
болмақ. Президент сайлауы 25 мамырға белгіленген.
Қазір үміткерлер қатарында оппозиция
өкілдері Кличко, Тягнибок және Яценюк те бар. Және
5-ші арнаның иесі Петр Порошенко ел басқаруға дәмелі. Жоғарғы Рада сайлау
өткізу үшін жуырда 2 миллиард гривен ақша бөлді. Орталық сайлау комиссиясы 15-ші наурызға дейін құрамына 12 адам кіретін 225 аймақтық комиссия жасақтайды.
Дәл осы уақытта Украина Үкіметі қашып
кеткен президент Виктор Януковичке іздеу жариялады. Соңғы рет оны 22 ақпан күні әуежайға бет алған жерінен
көргендер бар. Виталий Кличко Януковичті ереуіл кезінде қаза тапқан 82 адамның
өміріне кінәлі деп айыптап отыр.
Ал ішкі істер министрінің кызметін
уақытша атқарушы Арсен Аваков болса, басқарып жатқан ведомство қызметкерлеріне
күмәнмен қарап, бассыздықтар кезіндегі әрекеттерін тергеуге кірісті.
Айта кетейік, Юлия Тимошенконың
сенімді өкілдері билік басына орнығып жатыр. Сондықтан, жаңа билік еуроинтеграцияны құптап отыр.
Сымбат МОЛДАТАЙ