Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодар өңірінде мүгедектерді жұмыспен қамтуға байланысты шара өтті

AstanaTV
25.02.2014ж. 20:00
797
Павлодар өңірінде мүгедектерді жұмыспен қамтуға байланысты шара өтті

Керекуде кембағал жандарға арналып бос орындар жәрмеңкесі өтті. Бұл «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылған кезекті шара. Бағдарламаның өзегі - мүгедектерді жұмыспен қамтып, жағдайын түзеу. Шара барысында аймақтың кәсіпорындарымен 600-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Осы күндері Павлодар облысына келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жәрмеңке жұмысымен танысты.

Павлодардағы сапарын «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мүмкіндігі шектеулі балғындармен кездесуден бастады. «Самал» оңалту орталығында ем алып жатқан 95 баланың жай-күйімен танысты. Партия өкілі саяси ұйымның бастамасымен ел аумағында «Кедергісіз келешек» жобасы іске асып жатқанынан хабардар етті.

Бағдарламаның басты мақсаты - мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту. Осыған орай арнайы жәрмеңке ұйымдастырылды. Бос орындар жәрмеңкесіне үмітін арқалап жеткен жанның бірі - Геннадий Қошқарбаев. Мамандығы - тауар танушы. 90-шы жылдары кәсіп ашып, соның нәсібін көріпті. Бірақ, аяқ-астынан болған апат денсаулығын ғана емес, жалпы тірлігін өзгертуге мәжбүрлеген.

Геннадий Қошқарбаев, 2-ші топтағы мүгедек:

Үйде отыра-отыра қажыдым, Үйде отырғаныма 19 жыл болды. Тырмысып, тіршілік жасап, кісілермен араласу үшін келдім бүгін. Завхоз боп Дом инвалидовқа.

Сапар барысында Бауыржан Байбек кәсіпкерлермен де жолықты. Аймақтың бизнес өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бағытындағы іс-шараларымен таныстырды. Тағы бір айта кететін жайт, бас партия өңірлердегі депутаттық фракциялардың жұмысын күшейтуді қолға алды. Осыған орай Бауыржан Байбек халық қалаулыларымен бейнеконференция өткізді. Маслихат жұмысының жаңа форматы талқыға салынып, саяси ұйымның сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асырылу барысы сөз болды. Осылайша, нұротандықтар бақылауды нығайта түспек.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«Нұр Отан» партиясы төрағасы партияның жергілікті жерлердегі жұмысын күшейтуді атап өткен болатын. Партияның фракциялары арқылы, депутаттары арқылы біз партияның сайлауалды тұғырнамасын күшейтуге тиіспіз. Біздің депутаттарымыз олар бойынша меморгандарға ұсынымдар беріп, бірлесіп шешуі керек. Сол себептен біз бейнеконференциялық байланыс арқылы еліміздегі барлық депутаттармен байланыста болып, осы мәселелерге көңіл аудардық.

Түстен кейін Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалының 14-ші кезектен тыс жиынына қатысты. Жуырда тағайындалған аймақ басшысы Қанат Бозымбаевқа партия билеті табысталды. Сондай-ақ, ол партияның облыстық филиалының төрағасы атанды.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

Алдыңғы жаңалық