$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Әсет Исекешев ШҚО-нда іс-сапармен болып, мемлекеттік бағдарламалардың іске асу қарқынымен танысты

AstanaTV
26.02.2014ж. 10:00
811
Әсет Исекешев ШҚО-нда іс-сапармен болып, мемлекеттік бағдарламалардың іске асу қарқынымен танысты

Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Шығыс Қазақстанда іс-сапармен болып, өндірісті өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың іске асу қарқынымен танысты.

Ағымдағы жылы Шығыс Қазақстанда индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында 600 миллиард теңгенің құнын құрайтын 60 ірі жоба іске асуда. Ел экономикасының дамуына бағытталған ауқымды жобаның бірі ресейлік "АвтоВАЗ"-бен бірігіп, Өскеменде құрылысы басталған көлік құрастыру зауыты.

Аталмыш зауытқа ат басын тіреген министр индустриалды-инновациялық жобаның іске асу қарқынымен танысты. Өткен жылы еліміздің көлік құрастыру кластері үш есеге артқан. Одан ел қазынасына түскен салық көлемі металлургия саласының кірісімен теңескен болатын. Былтыр «АвтоВАЗ»-дың Өскемен бюджетіне құйған қаражаты 19 миллиард теңгені құрады.

Әсет
Исекешев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі:

Біздің елімізде автокластер құру бойынша екі ірі жоба бар. Бірі Қостанайда болса, екіншісі осы Шығыс Қазақстанда. Шығыста жылына 150 мың автокөлік шығару мүмкіндігі болады. Мемлекет ұзақ мерзімді несиелендіру бойынша көмектеседі.

Сондай-ақ, министр өңірге инвесторларды тарту ісін үдету қажеттігін атап өтті. Инвесторлар негізінен Шығыс Қазақстанда туризм, көлік құрастыру мен кен барлау ісіне қаржы құюға ынталы екендіктерін атап өтті.

Қанат ОРАЛБЕК