$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Түркияда тұрғындары құс тілінде еркін «сөйлесетін» ауыл бар

AstanaTV
28.04.2016ж. 20:00
3547
Түркияда тұрғындары құс тілінде еркін «сөйлесетін» ауыл бар

Түркияда Қара теңіз жағалауына жақын орналасқан Гиресун провинциясында ерекше ауыл бар. ЮНЕСКО халықаралық ұйымының тізіміне кірген елді мекен Кушкөй деп аталады. Қазақша мағынасы - «құс ауылы». Тұрғындардың түрік тілінен бөлек, өздері ғана түсінетін тілі бар. Олар 400 жылдан бері бір-бірімен қашықтықтан ысқырық арқылы тілдесуді дәстүрге айналдырған. Мәселен, көшенің арғы бетіндегі көршісін шәйға шақыру үшін аулаға шығып, ысқыра салса болғаны. Сондықтан болар ауылда ұялы телефонды қолданатындар саны да аз көрінеді.

"Құс тілінде сөйлейтіндер ауылы" деген атау осыдан шыққан. Қырдың төбесіне шығып, ысқырып әңгімелесу әжелер үшін де қиын емес. Өзгелерге жәй ысқырық болып естілгенімен жергілікті тұрғындардың өздеріне түсінікті тілге айналғанына төрт ғасыр болған.

Ауыл тұрғыны:

Бүгінгідей технология дамымаған заманда аталарымыз байланыс құралы ретінде енгізген.Бұл жақта қыста қар қалың, жолы ойлы-қырлы болып келеді. Тұрғындар шаруамен айналысып жүріп, ұзақтан ысқырып әңгімелесетін болған. Қысқасы, бұрынғылардан бізге жеткен мәдени мирасты жоғалтып алмай, әрі қарай жалғастыруымыз керек. 

Ауылдағылар жыл сайын дәстүрлі фестиваль ұйымдастырады. Шара барысында жасы мен қариясы қатар тұрып, жарысқа түседі. Бір біріне ысқырықпен жұмбақ жасырып, үш шақырым қашықтықтан байланыс орнатады. 

Сефер Көчек, Чанакчы ауданы мәдениет және туризм қорының президенті:

Ысқырық арқылы сөйлесу - уақыт жоғалтпаудың және бір-бірін шақыру үшін қасына бармай-ақ, хабарды ұзақтан жеткізудің тиімді жолы. Қарсы бетте отырған ағайын-туыс, көрші-көлемді шайға шақыруға да ыңғайлы. Бұл ел арасында құс тілінде тілдесу деп аталып кетті.

Ауылдағы орта мектепте «құс тілі» факультативті пән ретінде енгізілген. Ал, ересектер үшін арнайы курс ашылған. Мұнда да ереже ортақ. Өзге тілді меңгергендей дәрежеңе сай сертификат тапсырылады.

Мехмет Синан, Кушкөй ауылының әкімі: 

Дәріс аяқталған соң мұғалімдер алдында емтихан тапсырады. Мәселен, бірнеше шақырымда тұрып, түрлі тапсырмалар беріп орындатамыз. Әртүрлі сұрақтар қоямыз. Қолыңда не бар, жүгір, бері кел, биле дегендей. Үйренушілер арасында үлкендер де бар. Жыл сайын оқушы қабылдаймыз. Бұл біздің ауылдың ерекшелігі әрі ескі мәдениеттің бір бөлшегі деп білеміз.

Самат Сүлей, тілші:

Елдің туризм және мәдениет министрлігі «құс тілінде» сөйлесуді ескі мәдениеттің бір бөлшегі ретінде ЮНЕСКО халықаралық тізіміне енгізуді көздейді. Өйткені Кушкөй ауылы - ықылым заманнан бері ысқырық арқылы тілдесіп, байланыс құра алатын әлемдегі жалғыз ауыл.

Самат СҮЛЕЙ