Атыраудың төтенше жағдайлар қызметі
әлемдегі ең үлкен тікұшақпен толықты. Ресейлік МИ-26 әуе кемесін құтқарушылар
дүние жүзінде теңдесі жоқ көлік деп отыр. Салмағы 30 тоннаға жуықтайтын тікұшақ
екі мың шақырымға дейін талмай ұшуға қауқарлы. 20 тонналық жүкті әуеге қиналмай
көтереді. Мысалы, өрт сөндіру техникасын толықтай керек-жарағымен, экипажымен
қоса тиеуге болады дейді мамандар.
Алып тікұшақ бастапқыда әскери мақсатта
қызмет еткен. Енді апатты аймақтағы адамдарды қауіпсіз жерге көшіру, жүк тасымалы
және өрт сөндіру қызметіне тартылды. Бірақ техника су жаңа емес. 1986 жылы
шығарылған әуе кемесі Ресейдегі зауытта толықтай жөндеуден өткен.
Александр Хван, штурман-нұсқаушы:
Бұл жүгімен қосқанда 56 тонна
көтеретін өте ауыр тікұшақ. Дегенмен басқару жеңіл. Ауа-райының құбылысы ұшуға
көп әсер ете бермейді. Төтенше жағдайлар кезінде күн-түн демей қызмет
көрсететін боламыз.
Айта кетейік, елімізде МИ-26
тікұшағының төрт данасы бар. Олар Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар
министрлігінің еншісінде. Құтқару қызметіне бөлінген екі тікұшақ Алматы мен
Атырауға бұйырыпты. Тікұшақ батыс облыстардағы мұнай-газ кеніштері, бұрғылау
қондырғысы апаттарының алдын-алу шараларына жұмылдырылмақ.
Базаргүл ІЗІМОВА