Шымкентте бүгін алапат өрт болды. Тілсіз жау темір жолдың тап түбіндегі ірі қоймада тұтанған. Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдай техникалық қауіпсіздікті сақтамағаннан болуы мүмкін. Оқиға орнынан оралған тілшіміз Айзада Төребекқызы толықтырады.
Тілсіз жаудың құшағында қалған Шымкенттегі ең ірі қоймалардың бірі. Бұл
жерде азық-түлік, кеңсе тауарлары, сондай-ақ автокөліктердің доңғалақтары мен
мотор майлары сақталған. Өрт күндізгі бір жарымдар шамасында тұтанған. Қазір
арада төрт сағаттай уақыт өтсе де, өрт сөндіру жұмыстары саябырсыған жоқ.
Жалын шарпыған қойманың жалпы аумағы 1800 шарты метр. Бұл жерді көтерме
саудамен айналысатын тоғыз кәсіпкер жалға алып отырған. Төтеден шыққан өрт
тақырға отырғызды деп саудагерлер шыр-пыр.
Татьяна Шнякина, кәсіпкер:
Банкке кепілге бүкіл мүлкімді қойған едім. Несиеге ақша алғам. Кәсібімді
кеңейтем бе деп едім. Аяқтан тұрдым ба дегенде, мынадай болып отыр.
Куәгерлердің айтуынша тілсіз жау әуелгіде шеткі қоймалардан шықса керек.
Бірақ тез тұтанғыш тауарлар дес бермей кетіпті.
Бексұлтан Қалеев, кәсіпкер:
Қолдан келгенше, тауарларды шығарып алдық. Бірақ өртке қарсы тұра алмадық,
амал жоқ.
Нұрбол Айымбетов, кәсіпкер:
Он-он бес шина шығардық, бір поддон май, тағы біраз коробка шығардық. Басқасы бәрі кетті...
Өртті сөндіруге жиырмадан астам техника мен Шымкенттегі бүкіл өрт
сөндірушілер жұмылған. Айта кетейік, өртенген қойма «Санжар»
сауда-логистикалық орталығына тиесілі. Жеке меншік нысан. Темір жолдың тап түбіне
жайғасқандықтан өртті ауыздықтауға арнайы пойыз да жұмылдырылды.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Алапат өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Төтенше жағдайлар қызметінің
өкілдері ешқандай мәлімет айтпай отыр. Қоймада тауары болған кәсіпкерлердің
шығыны да анық емес. Есептеліп жатыр.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ