Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

"Эйр-Қазақстан" ұшақтары келесі жылдың басында көтерілетін болды

AstanaTV
27.02.2014ж. 20:00
1294
"Эйр-Қазақстан" ұшақтары келесі жылдың басында көтерілетін болды

"Эйр-Қазақстан" ұшақтарының әуеге қашан көтерілетіні белгілі болды. Мұндай ақпармен "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев бөлісті. Күні кеше ел аумағында ішкі рейстерді қамтитын жаңа әуе компаниясының құрылатыны айтылған. Оған канадалық "Bombardier " оператор ретінде таңдалды. Жақын арада елімізге  су жаңа он ұшақ жеткізілмек.


Айта кетейік, "Эйр-Астана"-ның 51 пайыз акциясы ұлттық қорға тиесілі. Енді жаңадан құрылатын "Эйр-Қазақстан" да  "Самұрық-Қазынаның" құрамында болады. "Бастама әуе кеңістігінде бәсекелестікті қалыптастыруға ықпал етеді", - дейді Өмірзақ Шөкеев. 


Өмірзақ Шөкеев, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ басқарма төрағасы:


Мамыр айына дейін компанияны тіркеуден өткіземіз. Операторы таңдалды. Жыл соңына дейін ұшақтарды жеткіземіз. Келесі жылдың басында ұшуды бастаймыз.


Брифингте дағдарыс жылдары банктерді "құтқаруға" Ұлттық қордан бөлінген қаржының қайтарымы туралы айтылды. Оған барлығы 332 миллиард теңге бөлінген. Қаржы институттарын қайта саудалаудан 200 миллиард теңге кері қайтарылыпты. Енді "Казкоммерцбанктегі" үлесті сатудан 80 миллиардтай түседі деген болжам айтылуда. "Ұлттық қор бір тиын шығын көрмейді. Қалған аз-маз қаржыны "Самұрық-Қазына" өз қалтасынан қайтарды", - деді Шөкеев.


Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ