$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Оңтүстік Қазақстанда бала сату дерегі әшкере болды

AstanaTV
28.02.2014ж. 20:00
1402
Оңтүстік Қазақстанда бала сату дерегі әшкере болды

Оңтүстік Қазақстанда бала сату дерегі әшкере болды. Бұл жолы екі нәрестенің тағдыры саудаға салынды. Бірі 250 мың теңгеге, ал екіншісі  небәрі 150 мың теңгеге саудаланған. Бұл жайында облыстық прокуратураның өкілі мәлімдеді.

Сәбилерді «тірі тауарға» айналдырған Мақтарал ауданының тұрғындары. 42 және 38 жастағы қос келіншек бір перзент сүюді армандап жүрген көрінеді. Олар аяғы ауыр қыздарды туыстарының көмегімен тауып, келіссөз жүргізеді. Баланы беруге  қарсы болмаған жас аналар перзентханада босанған. Ал құжат рәсімдеуді жеңілдету үшін сәби сатып алушылар шекара асып, «Өзбекстанда босанды» деген құжат әзірлетеді.

Қазір осы дерек бойынша  қылмыстық іс қозғалды. Облыс прокурорлары мәлімдегендей, соңғы екі жылда 166 баланың белгісіз жағдайда асырап алынғаны әшкере болды. Яғни ноториалды түрде аналары бас тартқанмен, тиісті органдар хабарсыз. Бұған қатысты қозғалған істің саны 10, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр
.


Болат Жұматаев
, ОҚО прокуратурасы басқарма прокурорының орынбасары:


Қазіргі жағдайда 41 баланың тағдыры анықталмай отырған. Сол себепті тиісті материалдар облыстық ішкі істер департаментіне материалдар жолданып, қазіргі жағдайда 26 бала табылған. Олар яғни соттың шешімі арқылы бала асырап алғаны анықталды. Қазіргі жағдайда 15 баланың тағдыры белгісіз. Сол бойынша қазір тексеру амалдары жүргізілуде.


Прокурорлар жетім балаларды асырап алу барысында да көптеген құйтырқылықтарға жол бергендерді анықтады. Соңғы екі жылда шетелдік отбасылардың тәрбиесіне берілген 183 балғынның 176-на жалған диагноз қойылыпты. Алпыстан астам бүлдіршінді сырқаты болғандықтан, жергілікті азаматтар асырап алудан бас тартқан. Есесіне шетелдіктерге жол ашық.

Мәселен, АҚШ азаматы туа бітті сал аруына шалдықты деп диагноз қойылған қыз баланы бауырына басады. Кейіннен сәбидің сап-сау екені анықталған. Осындай келеңсіздіктерге жол берген қорғаншылық және қамқоршылық органының 18 қызметкері мен бөбектер үйінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ