$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Парламент Сенатында тыңдау өтті

AstanaTV
29.04.2016ж. 20:00
1502
Парламент Сенатында тыңдау өтті

«Шетелдіктерге жер сатылмайды деп басу айту - жеткіліксіз». Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің әр тармағын "Жер кодексіне" енгізілген түзетулерді түсіндіруге міндеттеді. Ал түрлі қитұрқы жолдармен алымдарға "көз тігетіндерге" заңмен тосқауыл қою керектігін айтты. Еуразиялық экономикалық одақ және Дүниежүзілік сауда ұйымы жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты парламенттік тыңдауда көтерілген тақырыптарды Ләйла Қазиақпарова тарқатады.

Бүгін Парламент Сенатының отырысына шақырту алғандар қатары аз болмады. Президент әкімшілігі мен үкімет мүшелерінен бастап бизнес өкілдеріне дейін тегіс жиналған. Өйткені күн тәртібіне шығарылған сұрақ тым өзекті. Аграрлық сектор. Оның ішінде  әлеуметті мазалаған тақырыптардың бірі "Жер кодексі" де бар. Жиынның пердесін ашқан Сенат спикері тоқетерін кесіп айтты. "Жер кодексін" қитұрқы әрекеттерден қорғау керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының  төрағасы:

Үкімет мүшелері мен заң шығарушылардың, үкіметтік емес ұйымдардың алдында "Жер кодексіне" жақында енгізілген түзетулердің мәнісін халыққа түсіндіру бойынша ауқымды да маңызды жұмыс атқару міндеті тұр. Бұл орайда, жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы туралы айтып қана қоймай, аталған талапты түрлі қитұрқы жолдармен айналып өткісі келетіндерге тосқауыл қою үшін, заңның осы ережесін құқықтық тәсілдермен іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекет басшысының жердің ұлттық юрисдикциясы мен жерді тиімді пайдалану туралы талабын міндетті түрде орындау қажет.

Жаңартылған Жер кодексі 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Оған сай шетелдіктер жерді 25 жылға дейін жалға алуға құқылы. Жиын барысында аграрлық сектордағы түйіткүлдер де шаш етектен екені белгілі болды. Соның бастысы - отандық тауарлардың шетелдік өнімдермен бәскеге түсе алмауы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының  төрағасы:

Отандық нарықта қазақстандық тауарларға қарағанда импорттық азық-түлік тауарлары басымдыққа ие. Өткен жылы еліміздің сыртқы тауар айналымында ауыл шаруашылық тауарларының экспорты 4,5 пайызды ғана құраса, импорттың үлесі 11,3 пайызды құрады.

Олқылық, отандық шаруаларда озық технологиялардың болмауынан, өнім жинайтын заманауи техниканың жетіспеушілігінен десті. Ауыл шаруашылығы министрі мұны мойындап отыр. Теріс тенденцияның байқалуы "Агробизнес-2020" мемлекеттік бағдарламасының толық қаржыландырылмауынан дейді. 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Мәселен, 2013 жылы жеткіліксіз қаржыландыру қөлемі 26 млрд теңгені, 2014 жылы - 110 млрд, 2015 жылы 115 млрд теңгені құраған. Ал 2016 жылы бұл 127 млрд теңгені, 2017 жылы 175 млрд теңгені құрайтын болады. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі салыстырмалы түрде төмен болып отыр.

Министр Еуразиялық экономикалық одақ және Дүниежүзілік сауда ұйымдарымен тереземіз теңессе де, интеграцияның теріс жақтары бар дейді. Айтуынша, нарығымызға шетелдік контрафактілік, бұрмаланған өнім өтіп кетіп жатыр. Тұтынушыларымызды қорғап, шаруаларымызды қолдау үшін азық-түлік өнімдерінің сапасын анықтайтын техникалық реттеу органын құру керек, дейді ведомство басшысы. Бұл ауыл шаруашылық министрлігіне қараса дейді. Таяуда Үкіметке тиісті сұрау жолдамақ.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Біз бәсекелесуге дайынбыз! Тек теңдей жағдай жасалса дейміз. Өніміміздің сапасы өте жоғары. Контрабандалық тауар болмаса, көрер едік, кімнің өнімі өтерін. Сондықтан техникалық регламентті қадағалау өте маңызды.

Қазақстанның сапалы органикалық өніміне сұраныс жоқ емес, бар, - дейді Мамытбеков. Оған көрші Қытай  қызығушылық танытып отыр. Бізден  өте үлкен көлемде, жақсы бағамен органикалық таза өнім сатып алуға дайын. Министр сөзінің дәлелі ретінде жақында ғана 60 вагон өсімдік майының Сиянь қаласына жөнелтілгенін айтты. Сайып келгенде, аграрлық секторды дамытып, аяққа тұрғызатын кез келді деген байлам жасалды. Енді бұл басатамаға заңнамалық негіздер әзірленбек.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА