$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Таразда бір күнде баспанасынан айрылған 6 отбасына басқа баспана беріле ме?

AstanaTV
14.10.2015ж. 20:00
2345
Таразда бір күнде баспанасынан айрылған 6 отбасына басқа баспана беріле ме?

Таразда бір күнде 6 отбасы баспанасыз қалды. 40 жыл пана еткен үйлері өртеніп кетті. Абырой болғанда, адамдар аман. Бірақ қыстың көзі қырауда қайда баратындарын білмей отыр. Ал заң бойынша мұндайларға әкімдіктен үй берілмейді. Енді далада қалған 30 адам қай жерде жан сауғаламақ? Үйлерін тілсіз жау жұртқан тұрғындармен Данияр Әлімқұл тілдесіп қайтты.

Таңғы төртке жуық тұтанған тілсіз жау - алдымен үйдің шатырын шарпыған. Артынша, алты бірдей пәтерді алып кеткен. 30-ға жуық адам азанғы абыр-сабырда өртті өз күшімен сөндіріпті. Алайда, қыстық киімдері мен құжаттарынсыз қалған тұрғындар мына қара суықта қайда барарларын білмей дал.

Күнгейдегі күлі көкке ұшқан үй 65 жылдары салыныпты. Қазір мұнда жанып кеткен азық-түліктер мен жиһаздар ғана жатыр. Балаларды жұбатар мына ойыншық қана аман қалған. Тұрғындар дел-сал күйде. Көбі көп балалы отбасы.

Венера Валиева, Тараз қаласының тұрғыны:

Құдай-ау, міне, менің үйім. Бәрі жанып кетті. Қайда барарымызды білмейміз. Өртті қысқа тұйықталудан болуы мүмкін. Өрт сөндірушілер болса, кешігіп келді. Сулары да жоқ.

Тойдық Мырзабаева, Тараз қаласының тұрғыны:

Әйтеуір шықсақ, үстінен лаулап жанып келеді екен. Мынау шеттей бала-шаға, өзім алты баланың анасымын. Күміс алқа иегерімін. Енді мен тек көмек сұраймын.

Өрт сөндіру қызметіне өшіккен тұрғындар осылай деп опынады. Ал төтенше топ басшысының айтар өз уәжі бар.

Жомарт Бекболат, Жамбыл облысы ТЖД №2 өрт сөндіру бөлімшесінің басшысы:

Сусыз келді деген ақпарат жалған. Бірақ аталған өрт орны сусыз аймақ, суды тасу өрт сөндіру автокөліктерімен 1,5 жарым шақырым жерден жүргізілді.

Қызыл жалын жұтып, қаңсып қалған үйдің тұрғындары қайда барады? Бұл сұрақтың жауабын жергілікті билік басындағылардан сұрап көрдік. Қала әкімдігі заң бойынша үй бере алмайды. Бірақ көмек көрсетеміз деп отыр. 

Әлім Жусанбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

6 отбасы оның екі жанұясын сондағы 34 мектептің жанына орналастырдым. Екі мезгіл ыстық тамақпен балаларға беретін болды. Мәслихат шешімі бойынша 10 айлық күн көріс көрсеткіші көлемінде жәрдем ақы төленеді.

Уақытша болса да, баспанасыз қалғандарға әзірге қалалық білім бөлімінің бос ғимараттары пана болмақ. Ал өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Қазір мұнда жұрттан қалған жұрнақ болып мына төбет қана қалды.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ