Атырауда заңсыз балық аулау азаймай
тұр. Жуырда құқық қорғаушылар осындай тағы бір деректің бетін ашты.
«Жайық - өтетін жол емес» акциясы
барысында теңіз бағытынан келе жатқан жеңіл көлікті тоқтатқан мамандар заңсыз
олжаның үстінен түскен. Көлікке 600 келіден
астам сазан балығы тиеліпті. Нәтижесінде қылмыстық жолмен табылған мүлікті
сатып алу дерегі бойынша іс қозғалды. Аймақта мұз әлі еріген жоқ. Сондықтан, су маржандары арқылы пайда табуды көздегендер айласын
асыруға тырысып бағады.
Сондай-ақ, уақытша тұруға рұқсаты бар
ресейлік азаматтың үйінен 7 мотокөлік тәркіленген. Олардың заңды құжаттары болмай шықты. Браконьерлердің басты
құралы саналатын көліктер Ресейдің Омбы қаласынан әкелініпті. Және олардың
біразы сатылып кеткен көрінеді.
Жәнібек Қаражанов, Атырау облыстық мамандандырылған табиғат
қорғау прокурорының көмекшісі:
Мәліметтер бойынша 30-40-тай мотоцикл болған. Қазіргі уақытта қалғаны осы 7 мотоцикл. Яғни осыған дейінгі
көпшілік мотоциклдер сатылып кеткен. Оның 3-і жаңа күйінде, қалған 4-і
құрастырмалы күйінде дайындалып жатқаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған факт
тексеріліп, әрі қарай процессуалдық шешім қабылдау үшін тексеру шаралары
жүргізілуде.
Базаргүл ІЗІМОВА