Ақтауда ұстаздар арасында дау туды. Нөмірі жетінші лицей-мектебінің директоры қалалық білім бөлімінің бастығынан көресіні көрдім деп отыр. Аталған мекеме екі ай бойы негізсіз тексерумен шаршатқан. Тіпті басқа жұмыс та ұсыныпты. Басшылықтан қысым көрген директорды ұстаздар ұжымы мен ата-аналар қолдайды. Олар облыстық әкімдікке дейін араша сұрап барған. Іске шенеуніктер мен қаржы полициясы араласқанда, білім беру бөлімінің бастығы өз еркімен қызметінен кетіпті.
Қажет Бекжанова енді ғана арқасын кеңге салып отыр. Толассыз тексерістен
көз ашпаған ол иығымнан жүк түсті дейді. Айтуынша, қалалық білім бөлімінің
бастығы Нұрсұлтан Құрманбаев өзіне негізсіз шүйлігіп, мектептің құжаттарын
бірнеше рет тексеріп шыққан. Сөйтіп аз-кем кемшілік табады. Мәселен,
ата-аналарға ақпарат ретінде ұсынылатын сабақ кестесінің ілінбегенін сылтау
қылып, шүйліккен.
Қажет Бекжанова, Ақтау қаласы № 7 мектеп-лицейінің директоры:
Тексеріс нәтижесінде білім бөлімінің бастығы мені үш
рет шақырды өзіне. Соңғысында ол кез келген қызметті таңдаңыз, мен сізге ауысуға
көмектесемін деді. Мен өз еркіммен жұмыстан кетуге өтініш жазбадым. Екі ай бойы
тіресіп жүрдік. Ақыры болған жайтты ұжымыма айтуға мәжбүр болдым.
Мектеп директорының жоғарыдан қысым көріп жатқанын естіген ұстаздар
ұжымы қол қусырып отырмады. Директорға қолдау білдіріп, қалалық әкімдіктен
араша сұрайды. Алайда ондағы шенділер араға түсуге асықпағасын, ұстаздар мен
ата-аналар қауымы облыстық әкімдік пен білім беру басқармасына жүгінеді.
Айша Нұрмағамбетова, Ақтау қаласы № 7 мектеп-лицейінің мұғалімі:
Жағымсыз әсер қалдырды. Сабақ үстінде келіп жоспар сұрады. Сабағыңның
мақсаты не деді. Ол сауатты адамның сұрағы емес. Сауатты адам сабаққа қатысып,
содан кейін барып мақсатына жетті ме жетпеді ме, соны қарау керек еді.
Даулы іске облыстық әкімдік нүкте қояды. Ата-аналардың өтініші бойынша
шенеуніктер өз тексерісін жүргізген. Сөйтіп мектеп лицейдегі тексерулер шынымен
де заңсыз болғанын анықтайды. Осыдан дейін қалалық білім бөлімінің бастығы
өтініш жазып өз еркімен қызметінен кетіп тынады.
Халилла Нұрғалиева, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
Кемшіліктер болды. Бірақ мектеп директорын қызметінен
босатуға негіз жоқ. Қаржы полициясы бір ай бойы тексеріп, заңға қайшы әрекет
таппады. Біз білім бөлімінің бастығын шақырып, оның қылықтарының заңсыз екенін
айттық. Ол бәрін түсініп, өз еркімен жұмысынан кетті.
Тіпті қаржы полициясы да мектептің қаржылық жүйесінен кінарат таппайды.
Әзірге білім беру бөлімінің экс-басшысы мектеп директорының соңына не себепті
шырақ алып түскені белгісіз.
Айгүл ӘДЕПБАЙ