Үкімет 2014-жылдың нақтыланған
бюджетін мақұлдады. Бүгінгі үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов
құжат толық пысықталып, ертең Парламенттің қарауына енгізілетінін айтты.
Ал Экономика және бюджеттік жоспарлау
министрі Ерболат Досаев өз сөзінде республикалық бюджеттің параметрлері
айқындалды деді. Макроэкономикалық
көрсеткіштердің 2014-жылға нақтыланған болжамы есепке алынған. Нәтижесінде,
ағымдағы жылға арналған республикалық бюджет 6 триллион 206 миллиард 1 миллион
теңге көлемінде белгіленді. Бекітілген бюджетпен салыстырғанда, түсім - 431,7
млрд теңгеге тең.
Сондай-ақ, Үкімет теңге бағамының
өзгеруіне байланысты кейбір жобалар бойынша өтемақы төленетінін айтты. 2014-жылдың
1-сәуірінен бастап шәкіртақы, әлеуметтік жәрдемақы және айлық көлемін арттыру
үшін бюджеттен 120 миллиард теңге бөлінеді.
Үкімет отырысында мұнай экспорттау
кезінде төленуі тиіс баж салығының артатыны да белгілі болды. 1-сәуірден
бастап, қара алтынның әр тоннасына салынған салық бұрынғы 60 доллардан 80
долларға артады. Осы өзгерістерге байланысты, республикалық бюджетке түсім
көлемі артады, - деді министр Ерболат Досаев.
Сымбат МОЛДАТАЙ