$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елімізде бір оқулықты шығаруға қанша қаржы бөлінетіні беймәлім

AstanaTV
11.03.2014ж. 20:00
1016
Елімізде бір оқулықты шығаруға қанша қаржы бөлінетіні беймәлім

Елімізде бір оқулықты шығаруға қанша қаржы бөлінетіні беймәлім. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысына қатысқан бір де бір баспа өкілі бұл сұраққа жауап бере алмай, мәселені ашық қалдырды. Ал оқулық сапасы төмендемесе, артып кетпегені белгілі. Кітап сапасының төмендеуіне ұстаздар саны көп баспаханалар кінәлі деп санайды.


Аягүл Миразова, Алматы қаласы № 159 гимназиясының директоры:


Баспалар шамадан тыс көп. Олардың дәрежесі бар ма, жоқ па, оқулық сапасын құртуға осы баспалардың әсері тиіп жатыр. Артық дүние өте көп. Сабақ саны азайып, мазмұн көбеюде. 10-11 сыныптарда математикада 1 курсқа баратын профильдік программа оқытылады.


Проблема мұнымен шектелмейді. Бір ортаға бағынатын авторлық ұжымдар мен оларға арналған ортақ талаптар жоқ. Шығарылған оқулықтар санитарлық нормаларға тексерілмейді. Яғни кітап қарпінің көлемі, қағазы мен сиясының сапасын қадағалап, бас қатарып жатқан орталық тағы жоқ. Білім берудің мемлекеттік стандарты мен оқу бағдарламасында сәйкессіздіктер шаш етектен. Ал оқулық мазмұны мен мектепте берілетін сағат саны бір-біріне тіптен сай келмейді.


Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:


Оқушылар ұлттық бірыңғай тестілеуді қалай тапсырады. Оқу бағдарламасы өз бетімен. Әдістемелік құралдар өз бетімен. Оқулықтың сапасы бөлек әңгіме. Екі ортада мұғалімдер қалай жұмыс істеу керектігін білмейді, балалар шатасады, ата-аналар шағымданады. Бұл мәселені шешіп, бәрін министрліктен қатаң түрде сұрау керек.


Депутаттар оқулықтарға ұлттық басымдық беріп, оның мазмұнымен жеке меншік баспаханалар емес білім министрлігі айналыссын деген ұсыныс білдірді. Ал министрлік өкілдері өз кезегінде қажетті кітаптарды білім басқармалары емес, мектептер өздері сатып алсын деген ұсынысын айтты. Ал түйткілді мәселені шешетін нақты тетіктер қарастырылмады.


Айгүл ӘДЕПБАЙ