«Бізге ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайды деп айтып ғана қоймай, құқықтық және басқа да құралдармен осы маңызды шарттың орындалуын қамтамасыз ету керек. Түрлі айла-амалмен заңды айналып өту туралы ешкімде ой да тумауы тиіс». Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұма күні сенат қабырғасында айтқанынан. Жер сатуға байланысты билік өкілдері түсіндірме жұмыстарын бастады. Комментарийлері келесі материалда.
Қазақстанның жері шетелдік компанияларға, шетел азаматтарына сатылмайды. Жердің тұтастығы мемлекеттің Ата заңымен бекітіліп, бес көршісімен делимитация туралы мемлекетаралық келісімдермен қуатталған. Қазақстанның шекарасы шегеленіп, бекігені туралы құжаттар Біріккен ұлттар ұйымында ратификацияланды. Қарапайым тілмен айтқанда, қазақтың милиметр жеріне көз тіккен адам Біріккен ұлттар ұйымы сынды беделді халықаралық институттың алдында жауапқа тартылады. Бұл ұзақ жылдар бойғы табанды еңбекпен жеткен жетістік. Мәселен еліміз, Қытаймен шекарасын бекітіп, келісімге келген аз мемлекеттің бірі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын шегелеу үшін мен 8 жыл келіссөз жүргіздім. Әр жерде, әр адамдарменен, әр басшыларменен. Жер туралы кодекс ауыл шаруашылығын айналып жүрген шаруақор ағайынға жеңілдік жасауды көздеп отыр.
Бірақ жеңілдік болуы тиіс заң жобасы төңірегінде түрлі пікір бар. Түрен түспей, құр жатқан жерлерді 25 жылға жалға, ал қолданыстағы алқаптарды өз шаруаларымыздың қолына жеңілдікпен біржола беру бастамасы қоғамда түрлі қабылданды. Тіпті «жеріміз жат қолында кетеді» деп алаңдап,уайымдайтындар бар. «Қазақстан жері шетелдіктерге сатылмайды». Бұл құрап айтқан құр сөз емес, қабылданған заңның нормасы. Оның бұлжытпай орындалуының кепілі – ел Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Там не сказано ничего о том, что мы продаем земли иностранцам. Нету такого. А приватизировать казахстанским гражданам, чтобы земля имела собственника, а его не эксплуатировали до тех пор, пока земля превратится в песок. Вот наша задача была. На благо людей вообще работала. А не вообще лежала. Позахватывали земли латифундисты. Одни используют, другие не используют. Земля нарастает бурьяном, и вот называется эта казахстанская земля, которая должна приносить счастье людям, она используется в целях непонятных. Это все интерпретировано по-другому. Не разъясняются в доступной форме права и обязанности тоже.
Кез-келген реформаның қолданыстағы қалыпқа қырын келетіні табиғи заңдылық. Жер қатынастары бойынша халықаралық сарапшы Бақытжан Базарбек, біздегі проблема реформаторлармен, яғни билік пен қарапайым халық арасында диалогтың болмауынан дейді.
Бақытжан Базарбек, жер қатынастары бойынша адвокат, жер және экологиялық заңнама бойынша халықаралық сарапшы:
Егер де жергілікті атқарушы органдар тарапынан түсіндірме жұмыстар уақытылы, дер кезінде кешенді түрде жүргізілгенде бұл мәселе қазір талқыланбайтын еді.
Хош. Енді қай жер кімге, қалай, қандай шарттармен беріледі-ге тоқтайық. Мәліметтер Ұлттық экономика министрлігінің сараптамасынан. Министрлік 2012-14 жылдар аралығында ауылшаруашылығы жерлерін инвентаризациядан өткізіп, 7,4 млн гектар жер игерілмей жатқанын анықтап, биыл оның 3,1 млн гектарын мемлекет меншігіне қайтарды. Ал 1 шілдеде оның 1,7 млн гектары аукционға қойылады.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
Аукцион деген сөзді естіген соң шетелдік азаматтар сатып әкетпейді ме деген сөздер туындады. Сол себептен мен айтқым келіп отыр: ешқандай шетелдіктің аукционға қатысуына шектеу қойылған. Олардың Қазақстанның жерін сатып алуға ешқандай құқы жоқ. Ал шетелдіктерге жалға берілген жерлерді санасақ, ол кешегі туындаған нәрсе емес, бүгін енгізіп жатқан жаңалықтар емес, негізі ол тоқсаныншы жылдан бастап, бірінші заң туралы заң шығарғанда ол шешімдер болған. Сол кезде ешқандай айырмашылық жоқ-тын, қазақстандықтар да, шетелдіктер де, үш жылға, сосын он жылға алатын. Содан кейін 1995 жылы өзгерістер енгізілді, 95 жылдан 2001 жылға дейін 99 жылға дейін рұқсат берілді. Ал 2001 жылы өзгерістер енгізіліп, қазақстандықтарға жалға берілетін уақыты 49 жылға дейін созылды, ал шетелдіктерге 10 жылға дейін шектеу қойылды.
Демек, игерілмеген жерлерді шетел азаматтарының уақытша қолдануына жалға беру жаңалық емес. Бұл мерзім бізде 25 жыл болса, көрші Ресей шетелдіктерге жерін 49 жылға дейін, ал қойнауы мұнайға тұнған Араб әмірліктері бір ғасырға да уайымсыз беріп отыр. «Жерге салынған қаржы мен төгілген еңбектің қайтарымы болуы үшін өндіріп ондаған жылдар керек»,- дейді Қайырбек Өскенбаев.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
10 жылдың ішінде ол ақшасын қайтара алмайды. Ең кемінде 15 жыл керек, ол тек қана өз ақшасын қайтаруға. Пайда көру үшін созу керек. Негізі ресейліктер сол жолмен кетті, бізге 49 жылға дейін созсаңыздар деп «ақыл» жазған. Біз 49 жылға созбаймыз деп, 25 жылға келістік. Ол заңмен 1,5 жыл пайдаланып отырмыз. Сол себепті ол кеше туындаған, бүгін туындаған заң емес, бұрыннан қабылданып, қолданып жүрген заңдар.
Елімізде 272,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері бар. Оның 65 миллионын шетелдік компаниялар жалға алып, мемлекет қазынасына салық төлеп отыр. -Бұл біздің қолымыз жетпей, игерілмей жатқан жерлер еді,- дейді Өскенбаев. Қазір ол жерлерден ауыл шаруашылығы өнімі алынып, ішкі сұранысты жауып отырған көрінеді.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
Ең көбі орыс, Ресей федерациясының азаматтары, 10 мың Га астам, сосын қазақстандық компаниялармен құрған кәсіпкерлер, олар заңды тұлғалар, 49 мың Га, сосын Кипрдің 7900 Га, қалғандары 200-300 Га төңірегінде.
Ал көпшілік «қаптап кетеді» деп қорыққан Қытайдың жалдаған жері «ұлтарақтай» көрінеді.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
Қытайдың қазақстандықтармен қосқан 40 сотық жер алған компания бар. Ол жарты Га көлеміне де жетпейді. Осы жарты гектар жерді жалға алған Қазақстан-Қытай компаниясы бар.
Жер кодексінде еліміздің шекаралас аймақтарынан жер бермеу туралы норма бар. Алқаптар шетелдіктерге жалға берілген күннің өзінде мемлекеттік органдардың қадағалауында болады. -Жалға алушының жер құнарлығын сақтауы да мемлекеттің қатаң бақылауында болады,- дейді шенділер. Жерге қатысты қитұрқы қимылдарды болдырмауды Сенат төрағасы де шегеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
Бұл орайда, жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы туралы айтып қана қоймай, аталған талапты түрлі қитұрқы жолдармен айналып өткісі келетіндерге тосқауыл қою үшін заңның осы ережесін құқықтық тәсілдермен іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекет басшысының жердің ұлттық юрисдикциясы мен жерді тиімді пайдалану туралы талабын міндетті түрде орындау қажет.
Жерге қатысты реформаның заң шеңберінде жүргізу жауапкершілігін жергілікті әкімдер, құзырлы министрлік, парламент, президент өз мойнына алып отыр. Таразының басында аталған мемлекет менеджерлерінің абыройы. -Міндет алған оларға сенім артып, мұрша беру керек,- дейді Нұрғали Тоқабаев. Астана маңындағы 800 гектар жерде шаруашылығын ширатқан азамат, -жер кодексінің жаңалықтарын естігінде алаңға емес, құжаттарымды түгендеуге асықтым,- дейді.
Нұрғали Тоқабаев, «Жоламан» шаруа қожалығының басшысы:
Бізде 49 жылға жалға берілген жер. Сатып алмаймын десен де әрі қарай жұмыс істей беруге болады. Мен енді сатып аламын деген ниеттемін. Өйткені алаңдамай сол жерде жұмыс істеп, және басқа мақсаттарда банктерде кепілдікке қойып, несие алуға, жұмыс істеуге үлкен көмек. Сондықтан бұны қолдаймын, бұны дұрыс деп санаймын.
Жер емген шаруаның пікірі осы. Және -шалғайдағы шаруалардың ойлары менімен тоғысады,- дейді фермер. Сондықтан бірінші шілде ауыл шаруашылығымен айналысатын еңбек адамдарының күні болғалы тұр.
Азамат Алдоңғаров, «Біздің уақыт».