Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қапшағай қаласындағы сот орындаушылар жалғыз базарды жапты

AstanaTV
12.03.2014ж. 20:00
968
Қапшағай қаласындағы сот орындаушылар жалғыз базарды жапты

Қапшағай қаласындағы сот орындаушылар жалғыз базарды жапты. Бұған наразы саудагерлер бас көтерді. Сот орындаушылары бұл әрекеттерін қауіпсіздік шараларының сақталмауынан деп отыр. Осы күнге дейін сауда орнында жүздеген сатушы мен олардың дүние-мүлкін тілсіз жаудан сақтандыратын бірде-бір құрылғы болмаған. Саудамен күнелтіп жүрген жұрт соңғы 8 жыл бойы өрт қауіпсіздігіне назар аудармаған базар әкімшілігін жазалауды талап етті. Тараптарды тыңдап, мәселенің мән-жайына қаныққан Ришат Асқарбекұлы тарқатып айтады. 


Саудагерлер қарапайым жұрттың тағдырын «қыл үстіне қойған» базар әкімшілігіне қарсы. Елден қаражат жинағанды ғана білетін сауда орнының қожайындары тиісті талаптарды орындамады дейді. Базарда ауыз су болмағанын, жол төселмегенін,  кейде электрге зар болып қалатындарын айтады сатушылар.  Ең сорақысы - айтпай келетін апаттың алдын алуға қажетті құрылғылар мүлдем қарастырылмаған.


Майра Омарбекова, саудагер:


Тауар қымбаттап жатыр, ел қымбат тауарға үйренген де жоқ. Бұл кісілер бізге жердің арендасын көтермекші. Екіншіден, базарда ешқандай өрт гидранттары жоқ, сонда да бізге сигнализацияны өз ақшаларыңа орнатыңдар деп жатыр.


Алматының «Барахолка» базарындағы өрттерден соң, ел көп қатынайтын сауда орындарында қауіпсіздік шаралары өткір тұр. Сондықтан Қапшағайдағы төтенше жағдайлар бөлімі бұл базарды да жақында қатаң сүзгіден өткізген. Базар басшылығы бақылаушы органдардың ескертуіне селт етпеген соң, сот орындаушылары сауда нүктелерінің есігіне қара құлып ілуге мәжбүр болды.  


Жансерік Әбдікәрімов, Алматы облысы Қапшағай қаласы ТЖБ басшысы:


Базар өрт табудың автоматтық құрылдарымен жабдықталмаған. Базардың алаңында өрт бола қалса, сыртқы өрт сөндіру гидранттары орнатылмаған.


Күнделікті ас-суын осы жерден ажырататын саудагерлер базарда ауыр психологиялық ахуал қалыптасқанын айтады. Сатушылар мен базар әкімшілігі арасындағы текетірес күшейіп келеді дейді наразы топ. Олар әсіресе базар әкімшісінің әрекетіне төзе аламай, ішкі істер органына бірнеше рет арыз жазған.


Халида Нұрғалиева, кәсіпкер:


Бұл кісімен жұмыс істеу мүмкін емес. Бізді мал сияқты санайды. Өзі бұрын милицияда істеген. Сендер малсыңдар, білімдерің жоқ деп ылғи балағаттайды.


Саудагерлердің елді балағаттап, көңіліне жақпағанды базардан қуып шығатын  әйелді біз базардан таба алмадық. Дауы көп сауда орнының басқарушысын жолаушылап бара жатқан жерінен кезіктірдік.


Күләнда Қуанышбекова, базар әкімшісі:


Өрт гидранттарын біз жинақтап, апрель айында бастаймыз. Ал сигнализациялар наурыз айында реттеледі. -Егер аяқ асты өрт шығып кетсе? -Бәрін өзіміз бақылап отырмыз ғой.


Жүзден астам кәсіпкердің басын біріктіріп, жұмыс жасап жатқан бұл базардың жақында есігіне мөр басылып, толықтай жабылуы керек болған. Себебі мұнда бүгінге дейін өрт қауіпсіздігі сақталып көрмеген. Алайда жергілікті әкімдік прокуратураға өтініш жасап, бұл жердегі кәсіпкерлерді жұмысынан айырмауды сұраған. Ал өзара ырду-дырду болған базар әкімшілігі  мен саудагерлер қандайда бір келісімге келуге асығар емес.


Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ