$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Талғат Ақуовқа қарызға қомақты қаржы берген Николай Кан журналистермен кездесті

AstanaTV
12.03.2014ж. 20:00
1046
Талғат Ақуовқа қарызға қомақты қаржы берген Николай Кан журналистермен кездесті

Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының жетекшісі төңірегіндегі дау әлі басылар емес. Күні кеше танымал кәсіпкер Талғат Ақуов баспасөз жиынын өткізіп, осы уақытқа дейін ауруханада жатқандығын айтып, ақталған болатын. Қарызын төлеуден қашып жүрмегенін мәлімдеген.

Ал бүгін Талғат Ақуовқа қарызға қомақты қаржы берген Николай Кан да журналистер алдына шығып, ағынан жарылды. Айтуынша, 2011 жылы қауымдастық төрағасына қарызға 46 миллион теңге ақша берген. Әрі қос тарап «борышкер қарызын ай сайын төлеп тұратындығы жайында» келісімшартқа отырыпты. Алайда бұл соманың жартысы өтелгеннен кейін, Ақуов қарыз төлеуден қашқақтай бастапты.

Николай Кан осы сөздерін айғақтау үшін, борышкермен өзара алмасқан хаттарын да, назарға ұсынды. Сөзіне сенсек, танымал кәсіпкер қарызын өткен жылдан бастап төлемеген. Сонда барып Кан құзырлы орындарға шағым түсірген. Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының шешіміне сәйкес өткен жазда Талғат Ақуов қалған қаражатты толығымен иесіне беруі керек болған. Алайда шешім шыққанымен, ол бір тиын да қайтармапты. Енді Николай Кан Талғат Ақуовты сот актілерін орындау департаментіне шақырды.


Николай Кан, кәсіпкерлер құқығын қорғау ұйымының жетекшісі:


2013 жылдың қаңтар айында ол алғашқы 18 айдың ақшасын қайтарды. Содан бері мүлде жоғалып кетті. Не қарызды қайтармайды. Мен банктен куәландыру қағазын көрсете аламын, содан бері Талғат Ақуовтан ешқандай қаржы түспеген.


Еске салайық, өткен аптада Алматы қаласының сот актілерін орындау департаменті Талғат Ақуовқа іздеу жариялаған болатын. Сот орындаушылары "Талғат Ақуовты 23 миллион теңгені жеке басына пайдаланды" деп айыптады. Кәсіпкерлер қауымдастығы төрағасының банктегі есеп-шоттары бұғатталып, елден шығуға да тиым салынды.


Досжан МАРАТҰЛЫ