$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Павлодар қаласында жергілікті биліктен көмек сұраған отбасы бюрократтық кедергіге тап болды

AstanaTV
14.03.2014ж. 10:00
1010
Павлодар қаласында жергілікті биліктен көмек сұраған отбасы бюрократтық кедергіге тап болды

Науқас баласын аман алып қалуға жергілікті биліктен көмек сұраған отбасы бюрократтық кедергіге тап болды. Наурыз мерекесінде орталық алаңда қайырымдылық жәрмеңкесін өткізуге рұқсат сұраған Токарчук әулеті Павлодар әкімдігінен, нақтырақ айтсақ, ішкі саясат бөлімінен жағымсыз жауап алған.

Айтуларынша, тиісті мекеме ауру балаға қаржы жинауға негізделген акцияны ұйымдастыруға қол ұшын бере алмайтындығын жеткізген. 5 жасар Эвелина Токарчук лейкозбен ауырады. Бүгінде бүлдіршін Үндістанда ем алып жатыр. Оған жілік майын ауыстыру керек. Шетелден донор табылғандықтан, ота сол жақта жасалынбақ. Алайда, балғын алдымен зақымданған бауырын қалпына келтіруі тиіс. Бұған да қыруар ақша қажет, - дейді туыстары.

Олардың айтуынша, квота бөлінген. Бірақ, қаржы операцияның ғана шығынын өтеуге жетеді. Қалғанын өз қалтасынан көтеру керек. Тарыққан отбасы қайырымдылық шарасын өткізуге бел буады. Бұл жерде жергілікті биліктің рұқсатын сұрамақ оймен, арнайы хат жолдапты. Көп кешікпей, жауап та жеткен.

Любовь Тагинцева, Эвелинаның әжесі:

Біз жәрмеңкенің көмегімен өз проблемамыз туралы ашық айтқымыз келді. Бізге көмек қажет екенін жеткізгіміз келді. Кішкентай ғана Эвелинаға мереке ұйымдастырып, туған күнін атап өткіміз келді. Бірақ, біз «жоқ» деген жауап алдық. Қаншама адамдар қол ұшын беруде. Тек қана билік бізден бас тартты. Осы өкінішті.

Жергілікті әкімдік өз әрекетін заңға сай деп отыр. Хат жолданған Павлодар қалалық ішкі саясат бөліміндегілер Токарчук отбасына нақты жауап жазғандарын айтады. Наурыз - мемлекеттік мереке болып табылады. Ал, қайырымдылық жәрмеңкесі жеке бастың мүддесіне негізделген. Сондықтан, бұл күні орталық алаңда мұндай акцияны өткізуге тыйым салынған. Оның үстіне мерекелік бағдарламаның концепциясы бекітіліп қойыпты.

Нәйлә Ахметова, Павлодар қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы:

Біз қайырымдылық шарасын өткізгісі келсе, басқа аумақтан орын ұсына алатындығымызды айтқанбыз. Бірақ, орталық алаңда емес. Ленин көшесі бойында, жыл сайын дәстүрлі жәрмеңке ұйымдастырылады. Егер келіссе, сонда өткізсін. Бірақ, алдымен ауылшаруашылығы бөлімінің рұқсатын алулары қажет.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ